Көпбалалы отбасыларға жаппай жәрдемақы төленеді. Кім қанша алады?
Үкімет басшысы қазан айының соңына дейін заң жобасын Парламентке енгізуге тапсырма берді. Заң қабылданса, өзгеріс 2020 жылдан бастап жүзеге аса бастайды

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгін көпбалалы отбасылардың бәріне табыстарын растамай-ақ ай сайын 42500 теңгеден беруге ұсыныс жасады. Айтуынша, бала саны көп болған сайын, берілетін жәрдемақы да көбейеді, бірақ төлем сомасы 73 370 теңгеден аспайды.
«Атаулы әлеуметтік көмекті алатын балалардың 60%-дан астамы көпбалалы отбасылардан шыққан. Осыған байланысты АӘК алушы отбасылардың құрамындағы балаларға табысқа қарамастан берілетін жәрдемақыға көшуді ұсынамыз. Бұл көпбалалы аналардың беделін мойындап, олардың әл-ауқатын арттыру жолы болар еді», - деді ол.
Премьер-министр Асқар Мамин қазан айының соңына дейін заң жобасын Парламентке енгізуге тапсырма берді. Заң қабылданса, өзгеріс 2020 жылдан бастап енгізіледі. Жаңа жүйемен ұсынылатын әлеуметтік жәрдем үшін бюджеттен келер жылға 320 млрд теңге қаралып отыр.
Осылайша өзгертілген талап бойынша мемлекеттік жәрдемақы бала саны бойынша былай бөлінеді:
Сонымен қатар, енді атаулы әлеуметтік көмектің тоқсан сайынғы тағайындау тәртібі қайтарылмақшы. Еске салсақ, сәуір айынан бастап отбасыларға АӘК беру үшін табысты 6,12 айда бір рет есептейтін болған еді.
«Бұл бір жағынан атаулы әлеуметтік көмек алушылардың өз табысын жасыру жағдайларын барынша төмендетеді. Екінші жағынан, көмекті тағайындау тәртібі әділ болады. Себебі отбасының жан басына шаққандағы табысы келесі тоқсанда азайып қалуы ықтимал ғой. Яғни, АӘК-ті тоқсан сайын есептегенде, оның тағайындалған мөлшері де ұлғаюы мүмкін», - деді Нұрымбетов.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте де отбасындағы жағдай жиі өзгеріп отыратынын, бірінші тоқсанда 4 баласы бар отбасының келесі үш айлықта 5 баласы болуы мүмкін екенін айтты. Бір айта кетері, өтініш беруші АӘК алуға өтінішті қайта беру кезінде табысты растайтын құжаттар ұсынбайды, тек жеке куәлігін көрсетеді. Себебі «e-халық» жүйесінде барлық жанұя жөнінде толық ақпарат бар.
Министрдің Үкімет отырысында жасаған толық баяндамасын төмендегі видеодан көре аласыздар:
МИНИСТР «МАСЫЛ ӘКЕЛЕРДІ» ӘШКЕРЕЛЕУ ЖОЛЫН ДА ҰСЫНДЫ
Әлеуметтік қорғау министрі әлеуметтік көмекке сеніп, жұмыс істемейтін «масыл әкелердің» жағдайын да сөз етті. Егер де отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмыс істеуден бас тартса, онда сол үйдің балалары түгел АӘК-тен қағылады.
«Кейде үйдің отағасы мемлекеттен жәрдем алу үшін жұмыстан шығып кетіп жатады. Себебі, әйеліне 200 мың теңге АӘК шығып тұр, ал күйеуінің айлығы 100 мың теңгедей. Сөйтеді де жұмыс істемей, ақша алудың жолына көшеді», - деді министр .
Бұдан бөлек, аз қамтылған отбасылардың балаларына «кепілдендірілген әлеуметтік көмек топтамасы» енгізілмек. 6 жасқа дейінгі балалар тамақпен, гигиеналық заттармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Мектеп жасындағы балаларға сабақ уақытында тегін ыстық тамақ, күнделікті тегін жол жүру ақысы, мектеп формасы мен оқу құралдары беріледі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте министр тамақ пен гигиеналық заттардың түрлері Денсаулық сақтау министрлігі арқылы нақтыланып жатқанын хабарлады. Ал балаларға тиесілі заттарды «Қазпошта» үйде болса, үйге, балабақшада болса, балабақшаға жеткізіп беретін айтты.
Бір ескеретіні – қандай да бір отбасы жаңа талаптар бойынша жәрдемақыны ала отырып, табысы аз санатында қала берсе, ол жанұя атаулы әлеуметтік көмекті де, жоғарыда айтылған «әлеуметтік топтамадағы» балалардың керек жарағын да қосымша ала береді.
АНЫҚТАМА:
Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері - 20789 теңге. Осы жылдың 9 айында ол 417000 отбасыға немесе 2 млн 138000 адамға берілді. Бюджетте атаулы әлеуметтік көмекке 206 млрд теңге қаралған.
«4 ТАУЫҚ ПЕН БІР СИЫР БИЗНЕСТІҢ КӨЗІ ЕМЕС»
Бүгінге дейін 73000 отбасы өз табыстарын жасырып, заңсыз АӘК көмек алған. Ол әшкере болып, мемлекетке 156 млн теңге қайтарылды. Жаңа өзгерістер негізінен осындай алаяқтық фактілерді азайтуға бағытталған. Себебі, жаңа заңнама жергілікті жерлердегі учаскелік комиссиялардың жұмысын күшейтіп, жауапкершілікті арттырады. Министр отбасылардың жағдайын тексергенде «тоңазытқышы мен теледидарын» емес, шаруа қожалығын, қымбат көлігін, яғни көзге көрінетін дүниесін әділ есепке алуға уәде берді.
«3-4 тауық пен бір сиыр бизнестің көзі емес, ауылдың көрінісі. Сондықтан мал санына қатысты белгілі бір санды белгілеуіміз керек. Оны нақтылаймыз», - деді ол.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан