$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.10.2019, 12:00
Үкімет

«Көшеге шығып айқайламайды». Депутаттар жетім балаларға үй беру мәселесін көтерді

Қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасына арналған Парламенттегі Үкімет сағатында жетімдер мәселесі көтерілді

«Көшеге шығып айқайламайды». Депутаттар жетім балаларға үй беру мәселесін көтерді
sputniknews.kz

Депутат Тұрғын Сыздықов Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға баспана беруде заң бұзып отыр дейді.

«Менің сұрағым Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов пен Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасарына арналады.Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 74 бабына сәйкес, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мемлекеттік тұрғын үй қорынан алғашқылардың бірі болып баспана алуға құқылы. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй бөлген кезде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға барлық үйдің кемінде 25 пайызы берілу керек. Жетім балаларды үймен қамту көрсеткіші ең төмен облыстар арасында  Қарағанды облысы 1,18 пайызбен бірінші орында тұр. Ал, республикалық маңызы бар қалалар арасында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі алғашқы сатыда. Неге бұл көрсеткіш өте төмен, бұл немен байланысты. Жағдайды түзету үшін не істеп отырсыздар?», - деген депутат шенеуніктерден түсініктеме сұрады.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Нұркеновтің айтуынша, елордада жетімдерге үй беру көрсеткіші – 3,4 пайыз. Әкім орынбасары көрсеткіштің расымен ең төмен екенін мойындады.

«Биыл біз әлеуметтік аз қамтылған топтың барлық өкілі үшін 1640 пәтер береміз. Дұрыс айтасыз, жетімдердің 3,4 пайызы ғана үй алып келді. Биыл бұл көрсеткішті 8-8,5 пайызға жеткіземіз. Келесі жылы әлеуметтік аз қамтылған топтар үшін 5000 пәтер беру көзделіп отыр. Осылайша, жетім балалардың 10-11 пайызына баспана беру жоспарда бар», - дейді.

 «Біздің облыста 35 мың адам кезекте тұр. Олардың арасында жетімдер де бар. Биыл 420 мың шаршы метр үй, келесі жылы 462 мың шаршы метр баспананы  пайдалануға береміз деген жоспар бар. Қазір кезекте тұрғандардың шамамен 8 пайызы жетім балалар.  Бақылауға аламыз», - деді Үкіметтік сағатқа қатысып отырған  Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермағамбет Бүлекбаев. Мәжіліс спикерінің орынбасары Владимир Божко аймақтың әлеуметтік саясатын қатты сынға алды. 

«Неге бұрын шешпедіңіздер? Неге осы уақытқа дейін заңды бұрып келдіңіздер. Заң бойынша, барлық баспананың 25 пайызы жетімдерге берілу керек еді. Менің ойымша, жалға берілетін үйлердің санын шұғыл өсіруде талап ететін категория – жетім балалар. Олар көшеге шығып айқаламайды, кезегін тыныш күтіп отыр. Олардың кезегінде 61 397 бала бар. Олардың ішінде биыл тек 518-і ғана пәтер алған», - деді Божко.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары