Атырауда перзентхананың бас дәрігері бала өлімін жасырмақ болған
Ол дәрігерлердің біліктілігін арттыруға берілген ақшаны өз пайдасына жаратқан деп айыпталуда
Атыраудағы облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері қамауға алынды деп хабарлайды КТК телеарнасы. «Болашақ» бағдарламасымен Оңтүстік Кореядан білім алып келген Қуаныш Нысанбаевқа қызметін асыра пайдаланып, пара алды деген айып тағылып отыр.
Бас дәрігер жаңа туған сәбидің өліміне қатысты деректі жасырмақ болған. Ол үшін аймақтағы сот-медициналық сараптама институтының басшылығына жалған құжат жасап беруге өтініш айтады. Осы қызметі үшін 300 мың теңге ұсыныпты.
Қуаныш Нысанбаев босануға келген келіншектерден ақша алып отырған деген де күдікке ілініп отыр. Толғатып келгендерге перзентханада «бар жағдайды жасаймын» деп уәде еткен.
Тергеушілер таққан айып мұнымен бітпейді. Перзентхана басшысы әріптестерінің шетелдік іс-сапарына бөлінген ақшаны да өз пайдасына жаратқан. Демеушілер бөлген бір жарым миллион теңгеге ол шетелде демалып келіпті. Қазір сот оны әріптесімен қоса қамауға санкция берді.