Ақмола облысында жоғары лауазымды полиция қызметкерлері ұсталды

Екі полковник ұзақ жылдар бойы сыбайлас жемқорлықпен айналысқан деп айыпталады

Ақмола облысында жоғары лауазымды полиция қызметкерлері ұсталды

Ақмола облысында полицияның лауазымды екі қызметкері ұсталды деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«Ақмола облыстық Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҰҚК департаменті тергеушілерімен бірігіп, полиция полковниктері Садуов пен Жұмалинаны ұстап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-тармағы (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) бойынша айып тағылуда», - делінген аталған хабарламада.

Анықталғандай, күдіктілер қылмысты жылдар бойы жүзеге асырып келген. Садуов қазір ішкі істер органдарынан жұмыстан қуылған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Садуов облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары қызметіне 2018 жылдың сәуір айында тағайындалған. Оған дейін ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасын басқарған.

Жұмалина ішкі істер органдарында он жылдан бері қызмет атқарып келеді. Оның жеті жылында Ақмола облыстық Полиция департаментінде басқарма басшысы болған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.