Атырауда сәбиді өлтірді деп айыпталған перзентхананың бас дәрігері саунада ұсталған

Перинаталды орталықтың кей дәрігерлері операцияға мас боп кіргені де анықталды

Атырауда сәбиді өлтірді деп айыпталған перзентхананың бас дәрігері саунада ұсталған
atpress.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің мамандары Атыраудағы перинаталды орталықтың бас дәрігеріне қатысты жаңа деректерді жариялады. Құқық қорғаушылар перзентхана басшысын саунада демалып жатқан жерінде ұстапты.

«Біз қылмыс туралы тыңдаған бойда барлық жұмысымызды тоқтатып, сәбиді аман алып қалу үшін жанталастық. Бірақ үлгере алмадық. Нысанбаевты қаладан 3 сағат іздеп, соңында саунадан таптық. Ал, перинаталдық орталықтағылар ұзақ уақыт бойы бізге есік ашпады. Сапалы тергеу жаңа туған сәбилердің жаппай өлімінің нақты себебін анықтайды деп ойлаймын», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл  агенттігі Атырау облысы депаратментінің басшысы Нығмеджан Сапаров.

Үлкен даудан соң Атырауда перинаталдық орталықтың босану бөлімшесі уақытша жабылуы мүмкін. Бөлімшенің желдету жүйесі соңғы бір жарым жыл бойы жұмыс істемеген. Ал  перзентханадағы төсек-орын жабындылары санитарлық талапқа сай келмейтін жерде яғни даладағы шарбақтарда кептіріліпті. Сондықтан шаң мен инфекция болған. Ұлттық бюро өкілдері одан өзге кейбір дәрігерлердің отаға ішімдік ішіп кіргендерін де анықтаған.

Айта кетейік, перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев «Кісі өлтіру» бабымен күдікке ілікті. Ол дүниеге келгенде тіршілік белгісі болмаған шақалақты мұздатқыш камераға жіберген. Алайда, суық камера бөлмесіне барған бала аяғын қимылдатыпты. Мұны байқаған медперсонал бас дәрігерге хабар берген. Бірақ ол  базадағы құжатты өзгертпеу үшін шақалақты мұздатқыш камерада қалдыруды бұйырған. Телефон әңгімесін осы кезде мекемені тексеріп жатқан мамандар естіп қалғандарын хабарлады. Басы дауға қалған бас дәрігер – «Болашақ» степендиясы бойынша шетелден білім алып келген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.