Қазақстанда 75 мың қыз-келіншектің есімі – Ұлболсын
Олардың көбі ауылды жерде туғандар
Қазақстанда Ұлболсын есімді 75 400 қыз-келіншек бар. Бұл статистиканы халықаралық қыздар күнінде БҰҰ-ның халық мәселелері жөніндегі қоры (ЮНФПА) жариялады, деп хабарлады Sputniknews.kz.
Қазақ халқы Ұлболсын есімін қыздан кейінгілері ұл бала болсын деп ырымдап қояды.
Ұлболсын есімді әйелдердің жартысынан астамы (53,6%) ауылда туған болып шықты. Осыған ұқсас 294 есім бар екен, мысалы, Ұлжан, Ұлбала, Ұлту және тағы басқа.
«Қыздарға "Ұл" деген түбірі бар есімдер көбіне (69,6%) оңтүстік өңірлерде берілетіні анықталды. Жалпы, 75 400 әйелдің тек 203-іне ғана Ұлболсынға ұқсас есім қойылған», - деп хабарлады қор өкілдері.
Мамандардың айтуынша, соңғы отыз жылда қыздарға Ұлболсын есімін беру азайып келе жатыр. Мәселен, 1990 жылдан 1999 жылға дейін мұндай есім 13 803 қызға берілсе, 2010-2019 жылдары бұл сан 12 264-ке дейін кеміді.
Айта кетейік, халықаралық қыздар күнінде БҰҰ қоры және Назарбаев университетінің E.Quality Talks студенттік ұйымы қыздардың құқықтарын кеңейту бойынша пікірталас өткізіп, «Қызболсын» деректі фильмінің трейлерін көрсетті.