Алматыда 600-ден астам отбасы атаулы әлеуметтік көмектен қағылды
Олардың барлығында қымбат автокөліктері мен зәулім үйлері бар
«Оңтүстік астананың» жүздеген тұрғыны атаулы әлеуметтік көмекті бұдан кейін алмайтын болды. Олардың дені өз табыстарын жасырып келген деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
Көмектен қағылған жүздеген адамның барлығында дерлік өз үйлері және автокөліктері болған. Оларды жергілікті әкімдік соңғы 9 айда анықтағандарын айтып отыр. Көмектен қағылғандардың қатарында бір мекен-жайға тіркеліп, бірақ өзге үйде тұратын балалар да бар. Енді мұндай жағдайлар қайталанбас үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмекті берудің жаңа механизмін ұсынып отыр. Яғни, жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасындағы әрбір балаға мемлекеттен 10,5 мың теңгеден төленетін болады.
Атаулы көмек тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандарға да беріледі. Бюджеттен келесі жылы аталған бағытқа 300 млрд теңге қарастырылған.