ШұғылӨткен аптада Қазақстанда коронавирустан 28 адам қайтыс болды

«Ташкенттен әкелдік». Қазақстанда медициналық маска 6 есе қымбаттады

Алыпсатарлар ақпан айында масканы 20 теңгеден алып, қазір 100 теңгеден сатып жатыр

Фото: reuters

Қазақстанда медициналық маскалардың бағасы 6 есеге қымбаттады. Бұл туралы бүгін ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова мәлімдеді. Айтуынша, қазір маскалар 80-100 теңге аралығында сатылып жатыр. Нарық заңдылығына сәйкес, сұраныс өскен сайын тауарлар құны да арта береді. Ал, Үкіметтің медициналық өнімдер бағасын бақылауға құқығы жоқ.

«Қазір маскалар бағасы шамамен 6 есеге қымбаттады. Біздің қауымдастығымыз бен барлық тауарлар мен қызметтерді бақылау комитетінің департаменттері арасында бағаны ұстап тұру туралы меморандум болған. Бірақ заңға сәйкес, мемлекет нарықтағы бағаны ұстап тұра алмайды. Сондықтан меморандум жойылды. Маска шығаратын шикізат шығыны күн сайын өсуде. Алда тағы гигиеналық, профилактикалық маскалардың  қаншаға қымбаттайтынын дөп басып айта алмаймын», - деді ол брифингте.

Ақпан айында нарықта 9 млн данаға жуық медициналық маска болған. Бірақ коронавирусқа байланысты «ажиотаж» туындап, дефицит пайда болды. Осылайша, сұраныстың көптігіне қарай пайда тауып қалуды көздеген жекелеген азаматтар медициналық маскаларды көптеп сатып алып, «OLX» секілді хабарландыру сайттарында қалаған бағасына сата бастады.

«Жекелеген сайттарда дәл сол дәріханадағы маскалардың сатылымы туралы хабарландыру пайда бола бастады. Олар ақпан айының басында 20 теңгеден алған. Қазір 100 теңгеге сатып жатыр. Тіпті, көтерме саудамен 10 мың данаға дейін сатуда. Қазір ішкі істер органдары оларды тексеріп жатыр. Дегенмен бұл ашық нарық екенін тағы да ескеруіміз керек», - деді бұл жайында ҚР ДСМ «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» Бас директоры Арнұр Нұртаев.

Расымен де, «OLX» сайтына кірсеңіз, құны 100-110 теңге тұратын үшқабатты медициналық маскаларды табуға болады. Хабарландыру жариялағандардың біріне қоңырау соғып көріп едік, олар бір-бірлеп сатпайтынын айтты.

«Бізде қазір 100 мың дана маска бар. Бір-бірлеп сатпаймыз. 100 данасын да ала алмайсыз. Көп алуыңыз керек. Одан көп тапсырыс беруіңіз керек. Жеткізіп беруге болады. 110 теңгеден. Қазақстан емес, Ташкенттен келген маскалар», - деді сатушы.

Хабарландыру сайттарынан «Ташкенттен алынған» деп көрсетілген медициналық маскаларды жиі кездестіресіз. Кейбіреулері 5 млн, 15 млн данаға дейін жеткізіп бере алатындарын жазған. Ресми мәліметтер бойынша, ақпан айында Қазақстан нарығында 9 млн дана көлемінде маска болған. Қазір ол көлем жетпегендіктен, еліміздегі бес зауыт ай сайынғы өндіріс көлемін 6,5 млн данаға көбейтеді. Алдағы үш айға Үкімет мемлекеттік резервтегі ақшаға олардан 30 млн қосымша маска сатып алады.

Дегенмен, сарапшы Арнұр Нұртаев медициналық масканың пайдасы аса үлкен емес екенін алға тартады. Тіпті, ол инфекцияның жұғуын жылдамдатуы да мүмкін.

«Маскалардың кез келген инфекциялардан қорғау ықтималдығы өте төмен. Ол тек 5%-ға ғана қорғауы мүмкін. Ал 95% жағдайда маскамен де вирус жұқтыруға болады. Мен тек коронавирус туралы емес, барлық инфекциялық аурулар жайлы айтып отырмын. Масканың мақсаты – ауру адамнан сау адамға инфекция таратпау. Ал жаныңыздағы адам түшкірсе ондағы вирус көзіңізге де түсіп кетуі мүмкін ғой. Оның үстіне, маска тағып жүру ыңғайсыз. Оны жөндеу үшін қолыңызбен қайта-қайта ұстайсыз. Бұл әрекет керісінше қол арқылы тыныс алу жолдарына инфекция жұқтыру тәуекелін күшейтеді», - деді А.Нұртаев.

Еске салайық, Үкімет қаулысымен дәріханаларда бір адамға 10 маскадан артық сатылмайды. Сонымен бірге аталған медициналық құралды экспортқа шығаруға да тыйым салынған.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан