$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.03.2020, 10:22
Үкімет

Байқоңырға газ баратын болды

Ғарыш айлағына көгілдір отын жеткізумен қазақстандық компания айналысады 

Байқоңырға газ баратын болды
Фото: ашық дереккөзден

Сенатта «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.

Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауовтың айтуынша, бүгінгі күні Байқоңыр қаласында 328 көппәтерлі тұрғын үй, 45 жеке тұрғын үй, 5 мектеп, 3 балабақша және 1 аурухана табиғи газға қосылған. Ал аталған келісімнің негізінде Байқоңыр қаласы тұрғындарын толықтай түрде табиғи газбен қамтамасыз ету көзделеді.

«Байқоңыр» ғарыш айлағын табиғи газбен қамту «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамына жүктеледі және ол қосарланған салық төлеуге жол бермейді. Байқоңыр қаласында ас әзірлеу үшін отын ретінде сұйытылған газ пайдаланылады, оның бағасына келсек, 1 текше метрі 343 теңгені құрайды. Табиғи газға көшкен жағдайда оның бағасы Қызылорда облысының тұрғындарына арналған бағамен бірдей болады, яғни ол бойынша текше метрі 18,6 теңге тұрады, ал заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін 18,9 теңге болады», - деді Әсет Мағауов.

Сенатор Михаил Бортник «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының өңірдегі бірнеше ауылды газбен қамтитынын ескере келгенде, «енді Байқоңырдың тұрғындарын қосатын болсақ, газ түпкілікті тұтынушыға дейін жете ме, ондағы газ қоры жеткілікті ме?» деген сауал қойды.

Энергетика министрлігінің өкілі өз кезегінде аталған газ құбыры арқылы өтетін газ ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етумен қатар Қытай еліне де эскпортталатынын жеткізді.

Осылайша, келісіммен Байқоңыр қаласында сұйытылған газды тұтынудан табиғи газды тұтынуға кезең-кезеңмен көшу реттеледі. Бұл ретте Байқоңыр қаласының тұтынушыларына газды бөлшек саудада өткізудің бағасы Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар саласындағы мемлекеттік саясатты тұжырымдау мен іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті органы белгілейтін, Қызылорда облысының газ тұтынушыларына арналған бағаға сәйкес келуге тиіс.

Серіктес жаңалықтары