Қазақстанда мамырға дейін 8 тоннадан аса жүк таситын көліктерге шектеу қойылады
Шектеу мерзімі әр өңірде әрқалай
Көктемде тасжолдардың жүк көтеру мүмкіндігі төмендейтіндіктен, 8 тоннадан аса жүк таситын ауыр көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Әр аймақтың табиғи-климаттық ерекшелігі ескеріліп, шектеу мерзімі де түрлі уақыт аралығында белгіленеді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметі хабарлайды.
«1 наурыз бен 1 сәуір аралығында Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында және Қарағанды облысының Жезқазған өңірінің жолдарында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады», - делінген ИИДМ хабарламасында.
23 наурыз бен 1 мамыр аралығында Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Қарағанды облысының Қарағанды өңірінің жолдары ауыр жүк тасығыш көліктердің қозғалысы үшін жабық болады.
Айта кету керек, көктемде қозғалысты уақытша шектеу бойынша халықаралық келісімге сәйкес, жүктер мен жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларға қатысатын, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсететін, тамақ өнімдерін, жолаушылар мен қолжүгін, сондай-ақ дәрі-дәрмектер тасымалдайтын автокөлік құралдарына қатысы болмайды.