Коронавирус Қазақстанға да келуі мүмкін – Біртанов
Министр Қытайдан келген 24 мыңға жуық адамның бақылауда болғанын, көпшілігінің үйіне жіберілгенін айтты

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустың Қазақстанға да келуі қаупі жоқ емес екенін, сондықтан індеттің алдын алу үшін барлық тиісті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Министр инфекцияның таралуы медицинаның дамуымен байланысты емес екенін, Жапония, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты медицинасы дамыған елдер де дамымыған өзге елдермен қатар вирустан зардап шегіп жатқанын атап өтті.
«Ауа-тамшылы жолмен жұғатын бұл жұқпалы ауру сіздің төлқұжатыңыз бен табысыңыздың қанша екеніне қарап жатпайды. Сондықтан өзге елдермен салыстырудың еш мәні жоқ», – деді министр тілшілермен кездесу барысында.
Министр аурудың таралуына жол бермес үшін қазіргі уақытта Қазақстанның Қытаймен шекарасы жабық екенін, вирус тарап жатқан өзге мемлекеттерге де әуе және көлік тасымалдарын азайту көзделіп жатқанына тоқталды. Ал ауру «ошағы» саналатын Ухань қаласында қалған студенттен коронавирус анықталмағанын жеткізді. Егер ол студент елге қайтуға ниет білдірсе, Қытайдағы елшілікке хабарласа алмақ. Бүгінгі таңда Қытайдан елімізге келген 24 мыңға жуық адам бақылауда болған, көпшілігі індеттен аман болғандықтан үйлеріне жіберіліпті.
«Қазіргі таңда бізде коронавируспен ауырғандар тіркелген жоқ. Дегенмен, мүлдем болмайды деп мен айта алмаймын. Себебі, олай деп айту тәуекел болар еді. Біз елімізде ондай науқастар анықталып жатса, инфекция тарап кетпес үшін барынша тиісті шаралар қабылдауға дайынбыз. Бірақ ауру жұқтырған барлық адам қырылып қалады деген дұрыс емес, ондайға сенбеңіздер!», – деді Елжан БІРТАНОВ.
Айта кетерлігі, бүгінгі таңда әлім бойынша 83 мыңға жуық адам коронавирустың жаңа түрін жұқтырған. 2 800-ден астам науқас індет құрбанына айналды. Қауіпті вирус әлемнің 50 еліне тарап үлгерді. Оның ішінде, Қытай, Оңтүстік Корея, Италия және Иран сияқты мемлекеттер ауру жұқтырғандар саны жағынан алдыңғы орында тұр.