«Теңіз» жобасын кеңейту құны 36 млрд-тан 45 млрд долларға дейін ұлғаюы мүмкін
Бұл туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев мәлім етті
Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың қатысуымен Энергетика министрлігінің алқа мәжілісі өтіп жатыр. Ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев ресми баяндамасын Қазақстандағы мұнай кен орындарының осы уақытқа дейін берген өнімі мен болашақтағы жоспары туралы деректермен бастады.
Ноғаевтың айтуынша, «Теңіз» мұнай кен орнын кеңейту жұмыстырына бұған дейін айтылғандай 36 млрд доллар емес, 46 млрд доллардан астам қаражат бөлу қарастырылып жатыр.
«Өздеріңіз білесіздер, қазір «Теңіз» кен орнын игеруде кеңейту жобасы іске асып жатыр. Көптен бері баршамыздың назарымызда жүрген мәселе – бұл осы жобаға жұмсалатын қаражат құнының нақтылануы. Жақында «Теңізшевройл» компаниясының серіктестер кеңесінің отырысында құнын 36,8 млрд доллардан 45,2 млрд долларға дейін арттыру жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі таңда акционерлердің осы шешімді бекітуі күтілуде», - деді алқа мәжілісінде Ноғаев.
Министрдің айтуынша, «Теңіз» кен орнында 1993 жылдан бастап бүгінге дейін 451 млн тонна мұнай, 240 млрд текше метр газ өндірілген және мемлекетке 98 млрд теңге көлемінде міндетті төлемдер жасаған.
Оқи отырыңыз: ТШО-ны кеңейту жобасына қатысты сауда жүріп жатыр: Қазақстан АҚШ-пен мәмілеге келе ала ма?
«Ал 2019 жылы 29,8 млн тонна мұнай, 16,3 млрд текше метр газ өндірді және міндетті төлемдер 5,7 млрд долларды құрады», - деді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан