Коронавирус: Қазақстан бірнеше елмен әуе қатынасын уақытша шектейді
Денсаулық сақтау министрі «Scat» ұшағына отырған лайнер жолаушылары үшін кешірім сұрады
Бүгін Үкімет отырысынан соң Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев журналистердің сұрағына жауап берді. Оның айтуынша, мамандар індет тараған бірнеше елмен әуе байланысын уақытша шектеу жайын талқылап жатыр. Оған Корея Республикасы, Жапония, Иран және Италияда вирустың таралуы себеп.
«Қазіргі таңда коронавирус қауіп төндіріп отырған елдермен әуе қатынасы мейлінше азайтылады. Бұл мәселе бойынша талдау жүргізліп жатыр. Қателеспесем, бүгін ведомствоаралық комиссия коронавирус жайлаған елдермен әуе қатынастарын шектеу мәселесі бойынша бір шешімге келуі тиіс», - деді Талғат Ластаев.
Бұдан бөлек, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы ұзақ уақыт карантинге жабылған «Diamond Princess» лайнерінде болған 4 қазақстандықтың «Токио – Нұр-Сұлтан» бағытындағы «Scat» әуе компаниясының ұшағымен елге оралуының себебін түсіндірді.
«Scat» әуе компаниясы лайнерде болған жолаушылардың жалпы рейспен ұшатынын көкке көтерілер алдында бір-ақ білген. Әуе компаниясына алдын ала хабар берілмеген. Олар (лайнерде болған қазақстандықтар - авт.) кәдімгі жолаушылар секілді ұшаққа билет сатып алған», - деді төраға.
Ал, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Scat» әуе компаниясының ұшағына отырған қазақстандықтар мен шетелдік азаматтардан кешірім сұрады.
«Шешімді ұшақ ұшайын деп жатқанда қабылдадық. Біздің азаматтардың рейстік ұшақтарға билет алуға құқығы бар. Барлық жолаушыларды тексердік. Ешқайсысы вирус жұқтырмаған. Қазір әрі қарай не істеу керектігі туралы ақылдасып жатырмыз. Жапондық лайнердегі біздің азаматтардың дені сау деген анықтамасы бар. Лайнердегі басқа азаматтарды ауырғаннан кейін карантинге жаптық. Ұшақта – 8 экипаж мүшесі мен 8 жолаушы болған», - деді Елжан Біртанов.
Естеріңізге сала кетейік, кеше сағат 2:30-да Нұр Сұлтан қаласына Токио қаласынан 20 қазақстандық елге оралды, олардың төртеуі «Diamond Princess» жапон лайнерінің жолаушылары. Ведомствоның хабарлауынша, барлығы медициналық және зертханалық тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізілді. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан