Өткен жылы мемлекет артық шығындалды – Асқар Мамин

Премьер-министр АӘК бойынша депутаттардың сауалына жауап берді

Өткен жылы мемлекет артық шығындалды – Асқар Мамин
фото: Батыржан Беспаев

Үкімет басшысы Асқар Мамин Сенат депутаттары Д. Нөкетаева, М. Бақтиярұлы, С. Бектұрғанов, Б. Жұмағұлов, С. Ершов, Н. Жүсіп, А. Қапбарова, Н. Төреғалиев, Л. Сүлеймен, Б. Еламанов, С. Еңсегеновтің Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тетіктеріне қатысты депутаттық сауалына жауап берді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.

АӘК-ті тағайындауда отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстарды есепке алуға қатысты

Премьер-министрдің айтуынша, 2019 жылы 2,5 млн адам АӘК алған (485,9 мыңнан астам отбасы). Бұл мақсатта ел бюджетінен 244,2 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, өткен жылы 73,8 мың отбасының табысын жасырған фактілер анықталып, мемлекет артық шығындалған.

Одан бөлек, 33 мыңнан астам АӘК алушылар жеке кәсіпкерлер екені анықталды. Оның ішінде мыңға жуық адамның 2018 жылдың қорытындысы бойынша табысы 1-ден 10 млн теңгеге дейін болған. Үш мыңнан астам адам өз қызметін тоқтата тұрды. Белсенді кәсіпкерлердің көпшілігі табысы жоқ екенін немесе ең төменгі табысты көрсеткен.

Асқар Мамин 2020 жылдан бастап АӘК ұсынудың жаңа тәсілдері қолданылатынын айтты.

«АӘК-ті есептеу тетігінің өзгеруімен қатар АӘК-ті тағайындаудың бұрынғы жүйесін алушылардың жоғарыда көрсетілген теріс пайдалану фактілерін болдырмау жөнінде шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістер, оның ішінде «тәуелсіз жұмыскерлердің» қызметінен түскен кірістер кемінде 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ескеріледі. Сондықтан АӘК мөлшерінің тартымсыздығын ескере отырып, кәсіпкерлік бастаманы дамыту мүмкіндігі бар отбасылар мемлекеттік көмекті алушылардан қарағанда, қызметін дамытқанын жөн көреді», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Сонымен бірге, аз қамтылған санаттағыларға нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлік қызметті дамытуға жәрдемдесу тетігі оңайлатылды.

Бала 7 жасқа толғанға дейін оның күтіміне қатысты

Еңбек кодексінің 99-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне ақы төленбейтін демалыс беріледі.

«Біздің негізгі міндетіміз белсенді жұмыспен қамтылуына және кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасай отырып, жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, оның ішінде олардың еңбек әлеуетін ынталандыру», - делінген жауапта.

Премьер-министр 2019 жылдың соңында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету деңгейі 98,5%-ды құрағанын, биыл Қазақстанда білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланып отырғанын айтқан.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.