ТШО-ны кеңейту жобасына қатысты сауда жүріп жатыр: Қазақстан мен АҚШ мәмілеге келе ала ма?
ТШО-ны кеңейту жобасы 30% қымбаттауы мүмкін. 2015 жылы жоба 23 миллиард доллардан 37 миллиардқа дейін өскен
Azattyq Rýhy тілшісі кен орнын ұлғайтуға арналған жобаның күрт қымбаттауы мүмкін дегенге қатысты сарапшыларды сөзге тартты. Қазақстан тарапы 90-жылдары әлемдік алпауыт инвесторлармен өзара қандай келісімге келгені ашық айтыла бермейді. Бірақ, сарапшылар инвестор жобаға құйған қаражатты мұнай сату арқылы қайтарып алады дегенді айтады. Демек, жоба неғұрлым қымбаттаса, мұнай экспортынан түсетін доллар Қазақстан бюджетіне емес, инвестордың шығынан жабуға жұмсалады.
8 МЛРД ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МЕРДІГЕРЛЕРДЕ ҚАЛУЫ ТИІС
ТШО-ны кеңейту жобасы аясында млрд-таған қаражат игеріліп жатыр. Жұмысты атқарып жүргендердің 70 пайызы шетелдіктер. Маусым айында Президент Қасым -Жомарт Тоқаев жобадағы қазақстандық компаниялардың үлесі небәрі 34% деген еді. Яғни айналымдағы қаражат шетелдік мердігерлердің қалатасына түсіп жатыр. Каспий маңы бассейнінің оңтүстік – шығыс бөлігінен жылына 26 млн. тонна шикі мұнай өндіретін алып компанияның көздегені не деген сауалға «Kazservice» мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықов үн қатты. Оның айтуынша бұл жобаның аяқталуына бәрінен бұрын Қазақстан мемлекеті мүдделі. Қазір елде жылына 90 млн. тонна мұнай өндіріледі. Бұл межені 120 млн. тоннаға дейін жеткізу жоспары бар. Егер «ТШО» компаниясының жобалары тоқтамаса, қосымша 17 млн. тонна мұнай өндіруге мүмкіндік ашылады.
«Ал Теңіздегі кеңейту жобаларына қарастырылған қосымша 8 млрд АҚШ долларының қай бағытқа жұмсалатыны туралы ақпарат жоқ.Сондықтан жергілікті мұнай сервистік компаниялардың одан «дәмесі» бар ма, жоқ па әзірге кесіп айту ерте»-, дейді Р. Жақсылықов.
Мұнай маманы «Теңізшевройл» осы жолы шетелдік мердігерлерді шақырмай жергілікті компанияларға таңдау жасап, олардың технологиясының дамуына және мамандардың шыңдалуына жол ашады деп үміттенетінін айтады.
БІР АЙ КӨЛЕМІНДЕ «НЕ БҮК, НЕ ШІК БОЛАДЫ»
Рашид Жақсылықовтың пікірінше, қазір қызу сауда жүріп жатыр. Егер тараптар өзара келіссе, «Chevron» өз позициясын өзге акционерлер мен Қазақстан үкіметінің алдында қорғап шықса, желтоқсан айының ортасында нақты шешім қабылдануы ықтимал.
«Жобаның 50 пайызы «Шевронда» болғандықтан, түбегейлі «Шеврон» басқарып отыр деп айта аламыз. Осы уақытқа дейін жобаның қымбаттауы туралы олар ешкіммен ақылдасқан жоқ. Осы жылдың ортасынан бері жоба қымбататуы мүмкін деген қауесет тарады. Менің ойымша сол кезде «белгі» беріліп, біздің мемлекетті бүгін көтерілген мәселеге дайындай бастады. Ал «ҚазМұнайГаздың» жобалау бөлімі бұл қымбаттаушылық туралы ақпаратты растамай отыр. Оларды түсінуге болады. Себебі әлі нақты осыншама соммаға бұл жоба қымбаттайды деген толыққанды келісім жасалған жоқ»- дейді мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы.
Егер жоба қымбаттаса, Қазақстан міндетті түрде ұтылады. Америкалық компанияның есептік құжатында көрсетілген қосымша 8 млрд долларды Қазақстан компаниялары игеруге атсалысады дегенге илану қиын. «Қазмұнайгаз» акционер болғанымен, өздігінен шешім қабылдай алмасы анық. Р.Жақсыбековтың ойынша соңғы сөзді «Самұрық Қазына» айтады. Егер ұлттық қордан кен орнын ұлғайтуға арналған жобаның біраз бөлігі төленбесе, жанама қосылған қаржыны шикізат есебінен төлеуге тура келеді.
МҰНАЙДЫҢ АРЗАНДАУЫ ЖОБА «ТАҒДЫРЫНА» ӘСЕР ЕТТІ
ҚР БҒМ жанындағы экономика Институтының бас ғылыми қызметкері Олег Егоровтің сөзінше «Chevron» корпорациясы Теңізді игеру үшін 40 жылдық келісім аясында үш сатымен мұнайды игеруі тиіс болған. Бірінші саты бойынша көздеген межені бағындырды. Келесі кезеңде жаңа технологиялық қондырғылар орнатып, алынған мұнайды сол жерде тазартуға қадам басуды көздеген. Алайда соңғы үш жылда әлемдік мұнай нарығындағы дағдарыс бұл жоспарды өзгертті. Сарапшы енді инвестициялық жобаларды жандандыру үшін кейбір жобалық сметаларды қымбататтуы заңдылық екенін айтады.
«2033 жылға дейін Шеврон өзінің технологиялық, қаржылық жобаларын қалай жүзеге асырса да, өз құқығы. Соның ішінде әлеуметтік жобаларды да назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Олар айтылып отырған 8 млрд. АҚШ долларына жария есеп бермейді. Себебі олардың келісім шартында мұндай міндеттер жазылмауы да мүмкін. Бірақ жобаларға түзету жасайтын болса, Қазақстандық «Қазмұнайгаз»комапниясы да тең құқықты қатысушы ретінде араласады. Ақырында барлығы бірге барып, Үкіметпен және Президентпен құжатты бекітіп шығуға міндетті»- дейді мұнай-газ сарапшысы.
ЖОБА АҚТАЛА МА?
Экономист Меруерт Махмұтова мұнай кен орнын кеңейтуге бағытталатын инвестиция 37 млрд АҚШ долларынан 45 млрд АҚШ долларына көтеріліп жатса, «Қазмұнайгаз» өз үлесін қалай жабады деген сұрақ туады. Ең кемінде осы 8 млрд доллардың 20 пайызын қазақстандық компания жапса, оның қайтарымы бола ма? Осыған байланысты үкіметтің позициясы қандай болмақ деген мәселені анықтау керегін айтты.
«Ал осы қаражат игеріліп, жоба іске осылғанда мұнай бағасы қандай болады, соған да байланысты. Осы шығынның барлығын ақтай ма? «Шеврон» компаниясын да бұл жобаның қымбаттауы қуантып отырмағаны анық. Олар да бағаның өсіп, мерзімнің ұзап жатқанына қатысты алаңдаулы деп ойлаймын»-, дейді экономист.
Еске салайық, Chevron корпорациясы биылғы жылдың III тоқсанына арналған болжамдарында «Теңіз» мұнай кен орнын кеңейтуді қарастыратын жобаның қаражаты тағы 8 млрд АҚШ долларына өсуі мүмкін деп жазған. Іше-шала Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қосымша сараптама жасалады. Жобаның қымбаттайтыны туралы айтуға әлі ерте деген еді. Ертесіне шетелдік БАҚ Қазақстан үкіметі ТШО-ны кеңейту жобасын тымқұрығанда 4-5 млрд долларға ғана өсіруді талап етіп жатыр деп жазды. Бұған дейін елдегі ең ірі кен орнын кеңейту жұмыстарына 37 млрд АҚШ доллары жұмсалатыны келісілген.
Ақпарат үшін: «Тенгизшевройл» Қазақстанда 1993 жылы құрылды. Корпорация қырық жылға, яғни 2033 жылға дейін Қазақстан үкіметімен келісім шартқа отырған. Теңіз мұнай-газ кен орнын игеріп жатқан компанияның үлесі: Шеврон»- 50%, «ЭксонМобил Казақстан»- 25%, «ҚазМұнайГаз»- 20%, «ЛукАрко» БК- 5%.
Мөлдір Бақытқызы, Ришат Асқарбекұлы