«ДВК» бейбіт ұйым емес». Бас прокуратура митингке қатысты үндеу жариялады
Кәмелетке толмаған адамды заңсыз акцияларға тартқандарды 10 тәулікке қамау көзделген
Бас Прокурордың орынбасары Болат Дембаевтың «Прокуратура туралы» заңның 31 бабы тәртібінде үндеу жариялады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Конституцияның 32-ші бабына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін», - деп бастайды үндеуін.
Сондай-ақ осы тектес қағида Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 21-ші бабында бекітілгенін айтты.
«Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі «Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заңымен регламенттелген. Бас прокуратураның түсіндірулеріне қарамастан, жекелеген адамдар, соның ішінде шетелден, сондай-ақ тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» («ҚДТ») экстремистік ұйымның жақтастары әлеуметтік желілерде ел тұрғындарын заңсыз митингілерге қатысуға шақыруды жалғастыруда. М. Әблязовтың билікті күшпен құлатуға және басып алуға, әлеуметтік араздықты қоздыруға жария шақыруларына байланысты «ҚДТ» ұйымы сотпен Қазақстанның барлық аумағында қызметіне тыйым салумен экстремистік деп танылғандығына (Астана қаласының Есіл аудандық сотының 13.03.2018 жылғы шешімі) назарларыңызды аударамыз», - дейді.
Бас прокурордың орынбасары «ҚДТ» экстремистік ұйымы бейбіт ұйым болып табылмайды» дегенді айтты.
«Оның қызметіне кез келген қатысу ҚР Қылмыстық кодексінің 258 (экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік) және 405-ші баптарына (экстремизмді жүзеге асыруға байланысты оның қызметіне тыйым салу туралы соттың шешімі бар ұйымның қызметіне қатысу) сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады», - делінген үндеуде.
Үндеуде шара өткізуге рұқсат алмайынша, ешкімнің оның өтетін күні мен уақыты туралы жариялауға құқығы жоғы айтылған.
«Бұдан басқа, бұқаралық іс-шараны өткізуге рұқсат алғанға дейін оны ұйымдастырушының, сондай-ақ өзге де тұлғалардың бұқаралық ақпарат құралдарында, Интернетте немесе өзге де ақпараттық желілерде оның өткізілетін күні, орны мен уақыты туралы жариялауға құқығы жоқ. Сондай-ақ, олардың осы мақсатта парақшалар, плакаттар және өзге де осындай материалдарды дайындауға және таратуға құқығы жоқ», - дейді.
Аталған ережелерді бұзу ұйымдастырушының ӘҚБтК-нің 488 бабының 3 бөлігі бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
«Басқаша айтқанда, 2020 жылғы 22 ақпанға заңсыз акцияларды ұйымдастыруды және өткізуді бұзғаны үшін әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданатын болады. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен қатар жүрсе, онда кінәлі адамдар қылмыстық жауаптылыққа тартылады», - делінген.
Кәмелетке толмаған адамды заңсыз акцияларға тартқандарды 10 тәулікке қамау көзделген.
«Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 қарашадағы №273-VІ ҚРЗ Заңымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте 2019 жылғы желтоқсаннан бастап кәмелетке толмаған адамды заңсыз жария акцияларға тартқаны, сол сияқты оны қоғамдық, топтық немесе жеке мүдделер мен қарсылық бiлдiрудiң нысандарында пайдаланғаны үшін жауаптылық енгізілгенін түсіндіреміз.
Осы құқық бұзушылық үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 128-бабының 2-бөлігі бойынша жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамау көзделген», - деп хабарланды.
Бас прокуратура азаматтарды арандатушылыққа ермеуге, қолданыстағы заңнаманы мүлтіксіз сақтауға және заңсыз жария акцияларға қатысудан бас тартуға шақырды.
«Осыған байланысты, кез келген адамның рұқсат етілмеген жария іс-шараларды ұйымдастыру немесе оған қатысу жөніндегі іс-әрекеттерінің жолын құқық қорғау органдары заңмен көзделген жауаптылық шараларын қабылдай отырып, кесетін болады», - деп жазылды.