$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.02.2020, 16:02
Үкімет

«Министрліктің бұйрығын дұрыс түсінбеген». Біртанов Зайсандағы ахуалға пікір білдірді

Денсаулық сақтау министрі «Зайсанға коронавирус жұқтырған Қытай азаматтары келіп жатыр» деген ақпарат жалған екенін айтты

«Министрліктің бұйрығын дұрыс түсінбеген». Біртанов Зайсандағы ахуалға пікір білдірді
фото: Батыржан Беспаев

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қытайдан келетін 6 отандасымыздан коронавирус анықталған жағдайда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына жеткізілетінін айтты. Алайда, көрші елде жүрген қазақстандықтар елге келісімен, алдымен Өскемен қаласы мен Зайсан ауданындағы ауруханалардың жұқпалы аурулар бөліміне карантинге жатқызылады.  

«Негізгі міндет - изоляция. Ол азаматтар 100 пайыз медициналық мекемеде болуы міндетті емес. Басқа мемлекеттерде әскери базаларда ұстайды. Себебі, изоляция керек. Осындай жағдай болып қалса (коронавирус анықталса - авт.), бізде инфекциямен күресетін қажетті ауруханалар бар. Тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ», - деді министр.

Сондай-ақ, Елжан Біртанов шекараны жабу мәселесі жайында пікір білдірді.

«Пойыз арқылы ауыр жүк көлігі әлі тоқтатылмаған. Оны қалай тоқтатамыз? Ол күнделікті жүріп жатқан тауарлар. Оның арасында елімізге келіп жатқан транзиттік тауарлар да бар. Сол көліктер арқылы шекараны кесіп өткен жүргізушілер ШҚО-дағы Бақты және Майқапшағай бекеті арқылы келеді. Одан бөлек, теміржол арқылы өтетін пунктер бар. Біз күнделікті мониторинг жасаймыз. Біздің санитарлық дәрігерлер сол жерде тұрады. Тепловизорлар бізде бар. Резервтен алынған ақша бойынша қосымша тепловизор алуға тырысып жатырмыз», - деді Елжан Біртанов.

Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрі Зайсанда «Коронавирус жұқтырған Қытай азаматтары келіп жатыр» деген жалған ақпарат тарап кеткенін айтты. Министрдің сөзінше, шекараға жақын ауылда карантиндік станция ашу туралы бұйрық болған. Ал, ауыл тұрғындары бұл жағдайды дұрыс түсінбеген.

«Өткен тәулік бойынша, мәселен, Майқапшағайдан ешкім өткен жоқ. Шығыс Қазақстан бойынша күнделікті көп болса 10-15 адам өтеді. Олардың бәрі – біздің азаматтар. Алматы облысы бойынша 20-30 адам өтеді. Олар елге келгеннен кейін, әлбетте, ары қарай инфекцияны тарату қаупін болдырмас үшін алдын алуымыз керек. Осыған орай сол жерде арнайы карантиндік станция ашуымыз керек. Сондай бұйрығымыз болған. Азаматтар түсінбеген. «Сол ауылдың амбулаториясына жатқызады» деп.. Біздің шешім бойынша, арнайы стационар – Зайсан ауданының орталық ауруханасындағы арнайы бөлек инфекциялық ауруға арналған корпусына жатқызылатын болады. Әрине, егер болса», - деді Елжан Біртанов.

Министр Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында инвестициялық жоба аясында жұмыс істеп жатқан Қытай азаматтарының барын жасырмады. Шетелдік азаматтар дәрігерлердің бақылауында екенін жеткізді.

«Олардың арасында да жақында Қытайдан келген азаматтар бар. Олар біздің бақылауымызда. Әзірге тіркелген ауру адамдар жоқ. Олардың денсаулығы дұрыс болса, ары қарай жұмыс істеуге мүмкіндік беруіміз керек. Себебі олардың келісімшарт бойынша өз жауапкершіліктері бар», - деді Біртанов.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Шығыс Қазақстан облысының қиыр шығысындағы Зайсан ауданына қарасты Сарытерек ауылының тұрғындары ауыл амбулаториясының алдына жиналып, наразылық білдірді. Олар әлеуметтік желілерде тараған «Зайсан ауданында бір топ адам коронавирус жұқтырды. Қытаймен шекарада инфекция жұқтырған адамдарды ауыл амбулаториясында емдеу үшін алып келеді» деген ақпаратты естіп, мән-жайды білу үшін жиналған. Сондай-ақ мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсы екендерін айтқан. 

Бүгін таңертең облыс басшысы Даниал Ахметов Зайсан ауданына келіп, наразы топпен кездесіп, дүрліккен жұртты сабырға шақырды.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары