$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.02.2020, 13:00
Қоғам

«Мен гарантия беремін». Даниал Ахметов Зайсандағы наразы тұрғындарды сабырға шақырды

Зайсандықтар «Қытайдан келген қазақтар елге инфекция алып келе ме» деп қауіптенеді

Кеше Шығыс Қазақстан облысының қиыр шығысындағы Зайсан ауданына қарасты Сарытерек ауылының тұрғындары ауыл амбулаториясының алдына жиналып, наразылық білдірді. Олар әлеуметтік желілерде тараған «Зайсан ауданында бір топ адам коронавирус жұқтырды. Қытаймен шекарада инфекция жұқтырған адамдарды ауыл амбулаториясында емдеу үшін алып келеді» деген ақпаратты естіп, мән-жайды білу үшін жиналған. Сондай-ақ мұндай шешімге үзілді-кесілді қарсы екендерін айтқан.

Бүгін таңертең облыс басшысы Даниал Ахметов Зайсан ауданына келіп, наразы топпен кездесіп, дүрліккен жұртты сабырға шақырды.

«Шекара жабылды. Шет мемлекеттің бірде бір азаматы келмейді. Қазақстанда инфекция жұқтырған ешкім жоқ. Бұл ресми мәлімет. Баршаңызды үрейленбеуге шақырамын. Жағдай жеке менің бақылауымда», - деді Даниал Ахметов.

Әкімдік алдына жиналған жұрт Даниал Ахметовтен көрші елмен шекараны жауып, аудан территориясында жүрген 42 Қытай азаматын еліне қайтаруды сұрады.

«42 қытайды өз мемлекетіне жіберсін. Бізге жол керек емес. Бізге жан керек. Осы уақытқа дейін жолсыз жүрдік. Әлі де жүреміз. Коронавирус ауруына шалдықпаса да, олар еліне қайтсын», - деді ауыл тұрғындарының бірі.

Тұрғындардың бұл уәжіне облыс басшысы «ойланамыз» деп жауап берді.

«Осы жерде 42 Қытай азаматы бар. Олар сол жерден (арнайы жатақханалардан - авт.) шықпайды. Оларда арнайы дәрігер бар. Қазір мен Сыртқы істер министрлігімен сөйлесемін. Ойланамыз. Не істейміз оларды? Бірақ, олардың ішінде ауырған кісі жоқ. Мен гарантия беремін», - деді халықпен кездескен әкім.

Облыс әкімінің мәліметінше, қазір Қытайда жүрген облыстың 6 азаматы 2 күннен кейін елге қайтарылады. Олардың тізімі мен тұрғылықты жері бойынша нақты мәлімет бар екен. Олар елге оралған соң Өскемендегі ауруханалардың біріне карантинге жатқызылады. Сосын екі апта дәрігерлердің бақылауында болады.

Зайсан тұрғындары «Қытайдан келген қазақтар елге инфекция алып келе ме?» деп қауіптенетінін айтты.

«Олар неге Өскеменге келеді? Уханьнан оралған қазақстандықтарды Алматы мен Нұр-Сұлтандағы ауруханаға жеткізді. Біздің өңірде карантинге жатқызатындай мүмкіндік жоқ. 6 азаматты Өскеменге емес, ірі қалаларға жіберу керек», - деді ауыл азаматы.

Ал, өңір басшысы Даниал Ахметов бұл мәселені ақылдасып шешілетінін жеткізді.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары