Қазақстанда жастарды қолдауға арналған қанша мембағдарлама бар?
Жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламадардың басты міндеті – олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту

Бәріміз білетіндей, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа адамдар» жастар қозғалысын құру туралы бастаманы құптап, қозғалыстың өкілдерімен кездесті.
Жиын кезінде Тоқаев белсенді жас қазақстандықтарға әрдайым қолдау көрсетілетінін алға тарта келе қазір қоғам қалай өзгеріп жатқаны туралы өз ойын айтқан еді. Президенттің пайымынша – кез келген жас еңбекқорлық қағидатын ұстанғаны абзал.
«Қазақстан азаматтарының, әсіресе жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануы маңызды. Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ. Қазір заман басқа, яғни маңызды шешімдердің уақыты, серпіліс жасайтын сәт. Жастар болмаса, мұнымен кім айналысады? Қазір Илон Масктың тәжірибесі мен өмірлік ұстанымын үлгі ету үрдіске айналды. Иә, ол отбасымен бірге Оңтүстік Африкадан Америка Құрама Штаттарына келді. Өзінің креативтілігінің, батылдығының, өзіне тән ерекшелігінің арқасында «Илон Маск феноменін» қалыптастыра алды. Мұндай мысалдар өте көп. Жақында Мен Нью-Йоркте Американың жоғары оқу орындарын бітіріп, америкалық компанияларға жұмысқа орналасқан жастарымызбен кездестім. Мен оларға: «Біз сіздерді Қазақстан азаматтары деп білеміз. Сіздер – қазақсыздар. Нью-Йорк немесе Еуропа елдері болсын, әлемнің дамушы елдері болсын, қай жерде жұмыс істесеңіз де, қазақ болып қаласыздар» деп айттым», – деген еді Тоқаев.
Әрине, жиын барысында айтылған басты мессендждің бірі – жастардың ешкімнен қолдау күтпей, өз-өздерін үнемі дамытуы, тіл үйреніп, өз өмірі үшін өздері жауапты екенін сезіну сияқты түсініктер турасында болды.
«Абай кезінде «толық адам» деген терең ұғымды енгізді. Абай заманынан оза туды. Ол «толық адам» туралы білім, түсінік, қоғамның қажеттілігі тұрғысынан айтты. Қазір ағылшынша айтылып жүрген «a person of integrity», яғни барлық қарым-қабілеті мен білімі тоғысқан адам дегеніміз осы. Сондықтан біз бәріміз «толық адам», жауапты азамат болуға тырысуымыз керек. Шын мәнінде, біз қоғамымызда тәртіп пен заң үстемдігі культін орнатуға ұмтылуымыз керек. Менің міндетім – еліміздің заңдары әділ болғанын, адамдардың ол заңдарға сенуін қамтамасыз ету. Осы заң аясында қоғамымызда тәртіп болуын талап етеміз», - деген еді Тоқаев.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды белсенді болуға шақырды. «Сол арқылы сіздер, біріншіден, мемлекетке пайда әкелесіздер, екіншіден, өздеріңізді таныта аласыздар. Қалай болғанда да, біз мамандар іріктелетін, сәйкесінше уақыт өте келе мемлекетті басқару жауапкершілігін арқалай алатын өте қабілетті адамдар шығатын ашық қоғамға қарай қадам басып келеміз, – деген еді Тоқаев.
Жастар мемлекетке, мемлекет жастарға не бере алады?
Осы ретте, сөз басында айтқанымыздай, Қазақстан үкіметі жастарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың санын үнемі көбейтіп келеді. Соңғы ресми дерекке сүйенсек, елімізде жастарды жан-жақты қолдауға арналған онбесшақты мемлекеттік бағдарлама бар екен. Әрине, бұл ретте, сан мен сапа қатар жүруі керек. Бүгін бірнеше мембағдарламаны талдай отырып, қалай жүзеге асырылып жатқанын, қандай нәтиже беріп жатқанын жазамыз.
«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы
Қазақстанда ең танымал болған бағдарламаның бірі – «Дипломмен ауылға» жобасы болды десек, артық айтқандық емес. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы 183 қаулысына сай, «Дипломмен ауылға» барған жастарға жүз еселенген айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы төленеді;
Айлық есептік көрсеткіштің бір жарым мың еселенген мөлшерінен аспайтын сомада, он бес жылға дейінгі мерзіммен, 0,01% жылдық сыйақы мөлшерлемесімен тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит ұсыну түріндегі ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары көзделген.
Ал осы жылдың наурыз айында сенат депутаттарының «Дипломмен ауылға» бағдарламасының нәтижелері туралы жолдаған депутаттық сауалына жауап бере келе премьер-министр Әлихан Смайылов «Дипломмен ауылға» жобасының (бұдан әрі – Жоба) негізгі мақсаты әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну арқылы ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарды, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілерін ынталандыру және тұрақтандыру екенін еске салған.
Және де депутаттардың бағдарлама аясында «300 мың теңге біржолғы көтерме жәрдемақы мен 5 млн теңгеге тарта тұрғын үйге бюджеттік несиені бүгінгі экономикалық жағдайға сай ұлғайтуды қарастыру» туралы сұрағына жауап бере келе премьер-министр 2024 жылдан бастап бағдарламаны қаржыландыру 25 млрд теңгеге дейін жететінін хабарлаған.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында
2024 жылдан бастап қаржыландыруды 25 млрд теңгеге дейін (2021-2023 жж. 20 млрд теңгеден) ұлғайту жоспарлануда. Жалпы Жобаны іске асыру көбіне шалғай ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандарға бағытталған. Өңірлердің көбінде (Қостанай – 1 534 мың теңге, СҚО – 2 639,1 мың теңге, Қызылорда – 3 314,0 мың теңге) берілетін бюджеттік кредит мөлшері ауылдық жерлердегі қайталама нарықтағы тұрғын үйдің орташа құнын толық жабады. Жекелеген жағдайларда тұрғын үй құны бюджеттік кредиттің белгіленген мөлшерінен аспайды және үнемделген сома есебінен қаражатты мамандарды қосымша тартуға жұмсауға мүмкіндік бар. Мәселен, 2020 жылы 4 800 маманға 20 млрд теңге жоспарланған, ал іс жүзінде 5 016 маманға бюджеттік кредит берілді, оның орташа көлемі 3 987 мың теңгені құрады.
Сонымен бірге, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, өңірлердегі тұрғын үйдің орташа құнына қосымша жан-жақты талдау жүргізуде, одан кейін Жоба шеңберінде бюджеттік кредит мөлшерін ұлғайту жөніндегі мәселе қаралады» деп жауап берген Премьер-министр. Ресми дереккөзге сүйенсек, бағдарлама аясында 31 мыңнан астам маман бюджеттік кредит алды, олардың 4% 3 жылдық мерзімді өтеу жөніндегі келісімнің шарттарын бұзған. Келісімшарттарын бұзған мамандардың ең көбі Ақмола, Ақтөбе, Павлодар облыстарында болса, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында аз тіркелген.
«Бизнес бастау» жобасы
Білім алған, бірақ, өзгеге емес, өзіме жұмыс істеймін дейтін, яғни, кәсіп ашып, елге, елдің бюджетіне пайда тигіземін деген жастардың көбі «Бизнес Бастау» жобасын жақсы біледі. Бұл бағдарламаның сұранысқа ие екенін мына цифрларға қарап білуге болады: жыл басынан бері «Бастау Бизнес» жобасына 61961 жас кәсіпкер қатысса, 11807 адам өз ісін іске қосуға және одан әрі дамытуға грант алған.
Ал жоба бойынша жастарды оқытатын, одан әрі сертификат беріп, грант бөлетін мекеме – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының дерегіне сүйенсек, «Еңбек» мемлекеттік бағдарласы шеңберінде 2017 жылдан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шықты, Қазақстан бойынша 144 мың бизнес-жоспар жүзеге асқан.
Сонымен, «Бизнес бастау» аясындағы оқу кімдерге арналған:
- жұмыссыздар;
- еңбекке жарамды мүгедектер;
- жастар, соның ішінде NEET санатындағы қыз-жігіттер;
- аз қамтылған және/немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері;
- зейнет жасына жетпеген ауылшаруашылық кооперативтерінің мүшелері, шаруа мен фермерлік қожалықтар, оның ішінде якорлық кооператив мүшелері;
- қоныс аударғандар мен қандастар.
Айта кету керек, мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды, сәйкесінше курсқа қатыспайды. Сонымен қатар бала күтімімен демалыста жүрген аналар мен орта арнайы оқу орындары мен ЖОО студенттері де курсқа қатыса алмайды.
«Жұмыс бар, баспана – жоқ». Мәселенің шешімі неде?
Әрине, Қазақстанда баспанасыз жүрген жастардың көбі қалада тұрады. Қала болғанда да, тұрғын үй нарығындағы бағаны екінің бірі көтере алмайтын мегаполистерде. Осыған байланысты, 2019 жылы «Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй» атты бағдарлама іске қосылып, жүзеге аса бастаған еді.
Жалпы, атауы айтып тұрғандай, бұл бағдарлама елордада, оңтүстік астанамыз бен үшінші мегаполистің қатарына қосылған Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға арналған. Негізгі міндет — жұмыс істейтін жастарды қолдау. Қатысушылар бес негізгі қағидаға сүйене отырып іріктеледі: жасы 29 жастан аспаған, жұмыс істейтін, өз меншігінде баспанасы жоқ, жинақ жасау үшін депозиттік шоты болуы керек, сонымен қатар 100 мың немесе одан жоғары кірісі бар болуы керек. Есеп бойынша, тұрғын үй 5 жыл мерзімге беріледі, сол 5 жыл ішінде баспана бағасы 10 мың теңге шамасында болады және коммуналдық қызметтер үшін – 20 мың теңге төленуі керек. Бір сөзбен айтқанда, осы үш қаладағы жастар осындай пәтерлерді жалға алу үшін айына шамамен 60 мың теңге қаражат жұмсайды деп болжанған.
Ал, күні кеше Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдағы үш жылда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жалға берілетін 12 мың пәтер салынатынын хабарлады.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылға дейін жыл сайын 3 мың пәтер салу және сатып алу көзделіп отыр. Биыл осы мақсатта республикалық бюджеттен 21,6 млрд теңге қарастырылған.
Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бес жыл мерзімге беріледі. Осы кезең ішінде жастардың өз баспанасының бастапқы жарнасын жинау мүмкіндігі тумақ. Ал кейіннен босаған тұрғын үй келесі үміткерлерге беріледі.
Өзге қалалардың жастарына құлаққағыс жасай кетсек: министрліктің мәліметіне сенсек, қазір Астанада «Елорда жастары», Алматы қаласында «Алматы жастары», Қарағанды облысында «Қарағанды жастары», Жамбыл облысында «Әулие ата жастары», Батыс Қазақстан облысында «Орал жастары», Қостанай облысында «Қостанай жастары», Алматы облысында «Алатау жастары», Атырау облысында «Атырау жастары» тұрғын үй бағдарламалары іске қосылды. Бұдан бөлек, Павлодар облысында «Ертіс жастары», Абай облысында «Абай жастары», Ақтөбе облысында «Ақтөбе жастары» өңірлік несиелендіру бағдарламалары даярланып жатыр.
Өңірлік бағдарламалар жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ жергілікті бюджеттен және 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген. Алғашқы жарна көлемі – 0-10 пайызды құрайды. Несиелендіру мерзімі – 25 жылға дейін.
Сымбат Молдатай