$ 541.82  627.1  6.78
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.12.2022, 00:28
Үкімет

Халықаралық еңбек мигранттарының саны бойынша Қазақстанның позициясы қандай

Ресми дереккөзге сүйенсек, өзіне келіп жатқан халықаралық еңбек мигранттарының саны жағынан Қазақстан 9-орында тұр

Халықаралық еңбек мигранттарының саны бойынша Қазақстанның позициясы қандай
Фотолар: ашық дереккөзден

Жер бетіндегі шекараны былай қойғанда, цифрлы шекара ашылған қазіргі заманда кез келген адам әлемнің кез келген елінде отырып, өзге кез келген елге жұмыс істей алатынын анық түсіндік. Оның үстіне, коронавирус пандемиясы өршіген кезде әлем халқы онлайн форматтағы жұмысқа ауысып, бұл тенденция дами түскені белгілі. Осыған байланысты, Қазақстан да әлем елдері сияқты еңбек мигранттары үшін өзін ашық мемлекет етіп көрсетіп келеді.

Әрине, президент пен үкімет ең әуелі ел азаматтарының толық жұмысқа қамтылуына назар салатыны анық. Дегенмен, халықаралық талаптарға сай, елдер өздерін еңбек миграциясы үшін тартымды ел етіп көрсетке сайын, ол елдің экономикасына құйылатын инвестиция да артатыны белгілі.

Сондықтан, ел үкіметінің алдында тұрған міндеттердің бірі – Қазақстанды еңбек миграциясы үшін тартымды ел ету. Бұл мәселеге баса назар аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та  шет елдерге жұмыс іздеп кеткен азаматтарымыздың жағдайына назар аударып отыру қажеттігін айтып, осы жөнінде Үкіметке арнайы тапсырма да берген болатын. «Олардың көбісі қызмет көрсету секторында жұмыс істеуде, сол жерлерде олар өз елінде істеуге келісе бермейтін жұмысқа баруға дайын. Сонымен бірге осындай жағдайларда еңбек қатынастары ресми реттелмейтіні анық. Мемлекет қазақстандықтардың әлеуетін, арман-мақсаттарын жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін салуы тиіс, оның ішінде еңбек миграциясына қаттысушыларды да естен шығармауымыз керек. Үкімет осы мәселелерді зерделеп, тиісті ұсыныстарды енгізуі тиіс» деген еді Тоқаев.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметін таратқан Премьер-министрдің сайтына сүйенсек, халықаралық еңбек миграциясына қазіргі күні 80-нен астам ел тартылып отыр. Шартты түрде алғанда, бұл елдерді үш түрге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – біз жоғарыда айтып кеткен еңбек күштерін жөнелтуші елдер, екіншісі – сол еңбек күштерін қабылдаушы елдер, үшіншісі – еңбек күштерін әрі жөнелтуші, әрі қабылдаушы елдер.

Еңбек күштерін қабылдаушы елдерге сарапшылар Аргентина, Австралия, Австрия, Бахрейн, Бельгия, Бруней, Камерун, Франция, Гана, Гаити, ГФР, Иран, Израиль, Кувейт, Ливия, Люксембург, Малайзия, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Оман, Катар, Сауд Арабиясы, Сингапур, Швеция, Швейцария, Бірлескен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, АҚШ елдерін жатқызған. Енді осылардың қатарына біздің Қазақстанды да қосуға болады. 

Ал еңбек ресурстарын жөнелтуші елдер қатарында – Алжир, Бангладеш, Колумбия, Кипр, Доминикан Республикасы, Мысыр, Грекия, Индонезия, Ирландия, Оңтүстік Корея, Ливан, Лесото, Мексика, Марокко, Пәкістан, Филиппиндер, Польша, Португалия, Шри-Ланка, Судан, Сирия, Тайланд, Тунис, Түркия, Уругвай, Осман елдерін атаған. Бұған енді бізге көрші елдер Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерін де қосуға болады.

Ал еңбек ресурстарын әрі жөнелтуші, әрі қабылдаушы елдер қатарында Иордания, Италия, Испания, Мали, Сенегал, Того, ОАР, Ямайка елдері бар екен. ТМД-дан бұл санатқа Ресей, Украина, Беларусь елдері кіреді. 

«Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық еңбек күштерінің қозғалысына белсенді түрде тартылып келеді. Өзіне келіп жатқан халықаралық еңбек мигранттарының саны жағынан Қазақстан 9-орында екен. Бұл ретте 1-орынды АҚШ, 2-орынды Ресей, 3-орынды Германия алады. Ал 1991-2001 жылдар аралығындағы көрсеткіштерге негізделген кестеде Қазақстан 4-орында көрсетілген. Мәселен, АҚШ сырттан жылына 923,6 мың, Германия 864,8 мың, Ресей 780,7 мың, Украина 205,4 мың жұмыс күшін қабылдаса, Қазақстан 83,4 мың адам қабылдайды екен», деп жазады үкімет басшысының сайты.

Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасында еңбек миграциясына қандай назар аударылып отыр?

Қазақстанның көші-қон саясаты туралы жаңа тұжырымдамасы бірнеше блоктан тұрады. Соның бірі – осы еңбек миграциясына арналған блок. Тұжырымдама негізінде елдің экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағытталған

Тұжырырымдаманың бағыты – білім беру иммиграциясы, оның мақсаты Қазақстанды өңірлік білім беру хабы ретінде айқындау. Профессор-оқытушылар құрамын күшейту және білім беру сапасын арттыру үшін Қазақстанға сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды тарту ұсынылып отыр. Тұруға ықтиярхат алу құқығымен он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін және кейіннен Қазақстан азаматтығын енгізу көзделеді. Осындай мүмкіндіктерді тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер арасынан магистранттар мен бакалаврлар үшін тарату ұсынылған.

Егер Осы көрсеткіштерге қол жететін болса, онда халықаралық қауымдастық, соның ішінде әлеуеті зор инвесторлардың Қазақстанды Орталық Азиядағы еңбек күштері үшін тартымды ел ретінде қарастыратыны анық.

Айта кетейік, бұған дейінгі көші-қон саясаты жөніндегі тұжырымдама 2005 жылы қабылданған болатын. Ол кездегі  Қазақстан Республикасы көшi-қон саясатының тұжырымдамасы көшi-қон процестерiнiң негiзгі қағидаттарының, басымдықтарының, тетiктерiнiң, мiндеттерi мен әдiстерiнiң негiзгi жүйесiн тәртiпке келтiру мен реттеудi бiлдiредi. Осы Тұжырымдамада көшi-қон процестерiн реттеу деп - Қазақстанның ағымдағы және алыс перспективалық қажеттiлiктерiне жауап беретiн және көшiп-қонушылардың құқықтарын iске асыруды қамтамасыз ететiн бағыттарда адамдардың қоныс аударуын ынталандыруға не шектеуге бағытталған әкiмшілiк және әлеуметтік-экономикалық шаралар кешенi бар. Көшi-қон процестерi мемлекеттiк қауiпсiздiкке, қоғамдық келiсiмге, елдегi экономикалық және демографиялық ахуалға әсер етедi. Көшi-қон саясаты Қазақстанның мемлекеттiк сыртқы және iшкi саясатының құрамдас бөлiгi болып табылады, оны iске асыру мемлекеттiң басым мiндеттерiнң бiрi болуға тиiс. Көшi-қон саясатының субъектiлерi - орталық және жергiлiктi атқарушы органдар болып табылады. Мемлекеттiк органдардың көшi-қон саясатын iске асыру жөнiндегi әрiптестерi қоғамдық бiрлестiктер болуға тиiс.

  • Тұжырымдама адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау негiзiнде, жалпы мемлекеттiк мүдделердi ескере отырып, көшi-қон саясатының негiздерiн айқындайды.
  • Тұжырымдама елiмiздiң тұрақты дамуға көшу кезеңiне және экономиканың тұрақтануы мен өсуiнiң ұзақ мерзiмдiк перспективасына есептелген.
  • Тұжырымдама таяудағы перспективаға мемлекеттiң саяси болмысын және әлеуметтік-экономикалық жағдайын негiзге алады, олар Қазақстан Республикасындағы көшi-қон процестерiн реттеу жүйесiнiң шектеушiлерi болып табылады.
  • Көшi-қон саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, Қазақстан Республикасының Заңдарына және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерге негiзделген.
  • Тұжырымдама көшi-қон процестерiн реттеудiң отандық және шетелдiк тәжiрибесiн ескередi.

Қазақстан Клондайктің тарихын қайталай ала ма?

Әлем тарихына көз жүгіртсек, 1896-1897 жылдары  Аляскадағы Клондайк өзенінің бойынан көп алтын табылды деген соң, бұл аймаққа әлемнің түпкір-түпкірінен алтын іздеген адам қаптап, сол арқылы ол жерді халықаралық еңбең миграциясының орталығына айналдырғаны белгілі.  Халықаралық мәліметтерге қарағанда, Клондайк бойынан жалпы алғанда құны $25 млрд алтын табылған. Содан барып Клондайк сөзі әлемге адамдарды қызықтыратын байлықтың символы ретінде тарады.

«Қазіргі күні халықаралық сарапшылардың қойнауы мұнай мен газға, түрлі бағалы металдарға, беткейі мал мен астыққа толы Қазақстанды да болашақ Клондайк ретінде қарастыратыны сезіледі. Мұны ең алдымен елімізге келіп жатқан тікелей шетелдік инвестициялардың құйылысынан-ақ анық байқауға болады. Қазіргі күні әлемге аты мәлім ірі алпауыттардың Қазақстан жөнінде өз мүддесі бар. Біздің елімізде Шеврон, Эксон Мобиль, Бритиш Газ, Бритиш Петройлуем, Аджип, Лукойл, Дженерал электрик секілді ірі компаниялар аса ынтамен жұмыс істеуде. Міне, осындай жағдайда халықаралық еңбек ресурстарының да елімізге ағыла түскені байқалады. Бұл жөніндегі көрсеткіштер әр түрлі дереккөздерінде әркелкі көрсетіліп келеді. Мәселен, жоғарыда аталған «Пью» зерттеу агенттігі Қазақстанда жүрген шетелдік мигранттардың жалпы саны 3 млн 80 мың адамды құрайды, олардың 2 млн 650 мыңы Еуропа мен бұрынғы Кеңес одағы елдерінен, 430 мыңы Азиядағы басқа елдерден келеді деп көрсетсе, бірқатар халықаралық ұйым, соның ішінде БҰҰ-ның Еңбек ұйымы Қазақстанда жыл сайын 300 мыңнан бастап 1 млн адамға дейін шетелдік еңбек мигранттарының болып кететінін айтады. Ал өзіміздің статистикалық деректер бойынша, біздің елімізге жылына 60-70 мың шетелдік жұмыс іздеуге келіп-кететін көрінеді», - деп жазады осы мәселеге талдау жүргізген премьер-министрдің сайты.

Ал, ресми статистикаға сүйенсек,  жыл сайын Қазақстан аумағында 500 мыңнан астам шетелдік жұмысқа тартылады. Еңбек министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасы жұмыс күшін тартатын мемлекеттердің бірі болып саналады. Әсіресе Орталық Азия мемлекеттерінен, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін Қырғыз Республикасынан келетін еңбек мигранттары ауыл шаруашылығы саласында көп жұмыс істейді. Жалпы Қазақстан аумағының ішінде бір жылдың ішінде, яғни, жыл сайын 500 мыңнан астам шетелдік одақтас мемлекеттерден, көрші елдерден жұмыс істеп келеді.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары