$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.12.2022, 15:41
Үкімет

Мемлекет пен әлеумет: Үкімет міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының жұмысы туралы есеп берді

Жыл басынан бері қазақстандықтарға міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан 2,4 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді

Мемлекет пен әлеумет: Үкімет міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының жұмысы туралы есеп берді
Фотолар: ашық дереккөзден

Өздеріңізге белгілі, Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдер үшін зейнеткерлік жас деңгейі 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде белгілеген болатын.

Егер үкіметтің бұған дейінгі реформасы жүзеге асатын болса, "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға сай, 2018 жылғы 1 қаңтардан бері Қазақстанда әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасы жыл сайын 6 айға өсіп отырған еді. Соның  салдарынан елімізде зейнетке шығатын әйелдердің жасы ұлғая берген. Мәселен,  2018 жылғы 1 қаңтарда – 58,5, 2019 жылы – 59, 2020 жылы – 59,5, 2021 жылы – 60, ал 2022 жылғы 1 қаңтарда – 60,5 жасқа жетті. Егер бұлай жалғаса берсе, 2027 жылғы 1 қаңтарда әйелдердің зейнетке шығу жасы ерлермен теңесіп, 63 жасқа жететін еді.

Кейін президенттің осы міндетіне қатысты түсініктеме берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін ескере отырып қабылданғанын» айтқан.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті ұсынылды. Олардың бірі - 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын 61 жас деңгейінде жоспарланған арттыруды 5 жылға тоқтата тұру. Бұл шара коронавирус пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүр ұзақтығына теріс әсерін ескере отырып қабылданды.

Алдағы 5 жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөнінде шараларды қабылдау көзделеді. Бұл ретте ауыл медицинасына, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және қолдауға бағытталған оңалту орталықтары желісін құруға және кеңейтуге ерекше назар аударылады», - деп хабарлаған еді министрлік.

Ал, жыл басынан бері, он ай ішінде  қазақстандықтарға 2,4 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленген. 2022 жылғы қазанда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 245,1 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге 74,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге 170,5 млрд теңге бөлінді.

«2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 268 мың адам. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 108 993 теңге болды. 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады. Бұл орайда 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады», - деп түсіндіріп отыр Еңбек министрлігі.

Үкімет басшысының сайтында хабарланғандай, егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын, ал 30 жыл болса, 94%-ын құрайды. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде белгіленеді. Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде азаматтың жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.

Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – көп балалы отбасыларды қолдау

Ведомствоның соңғы мәліметіне сүйенсек,  2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 92, 2 мыңға жуық адам жұмысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан төлем алды, ал 699 мыңнан астам адамға АӘК берілді, көп балалы отбасылар 283,7 млрд теңгеге жәрдемақы алып, мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 364 млрд теңгеден астам сомаға жәрдемақы төленді, сондай-ақ қазақстандықтарға 2,4 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты, жұмысынан айырылған жағдайда 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлемдер алады. Төлем табыстың 40%-на дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен беріледі.

Төлем тағайындау үшін жұмыссыз қалған адам:

  • eGov.kz порталына авторизациялануы керек;
  • «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
  • онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінім жіберу қажет;
  • бір күн ішінде тұрғылықты жердегі халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
  • егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге ХЖҚО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).

«Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады. Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер жеткеннен кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлем тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісім алу мақсатында ұялы телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен азамат SMS-хабарламаға жауап беруі қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады», - деп хабарлайды Еңбек министрлігі.

Жұмыссыз қалғандарға берілетін жәрдемақы артады

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан халқына арнаған жолдауында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘСҚ-тен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем мөлшері орта есеппен 13%-ға ұлғаяды деген болжам бар.  Әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамытудың осы және басқа да шаралары ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында көзделген. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.

«Бұл жұмыссыздарды тіркеу және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады. Жалпы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сай, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 135,8 мың отбасындағы 699,1 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 64,5 млрд теңге бөлінген»,-деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін тағы бір жәрдемақы түрі – атаулы әлеуметтік көмек, яғни, АӘК. Егер  отбасының әрбір мүшесінің теңдей бөлінген орташа табысы өңірдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен болғанда ол отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады.

«2022 жылғы 1 қарашада АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 191,4 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы ретінде әлеуметтік топтама тағайындалды. Биыл қаңтар айында енген төтенше жағдай режиміне байланысты 2021 жылдың 4 тоқсанында АӘК алған азаматтарға төлемдер 2022 жылдың 1-тоқсанында автоматты түрде ұзартылды. Сонымен қатар жаңадан алушыларға Электрондық үкімет порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш беру мүмкіндігі берілді. Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады», - деп түсіндіріп отыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Ресми статтистикаға сүйенсек,  жыл басынан бері көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдерімен орта есеппен 496,6 мың отбасы қамтылды, оның ішінде қазан айында 494 мың отбасына 29,9 млрд теңге жәрдемақы төленді.

«Бұл мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан, үміткер бола алады. Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді. Көп балалы отбасылардағы 4 балаға – 50 975 теңге, 5 балаға – 63 727 теңге, 6 балаға – 76 479 теңге, 7 балаға – 89 231 теңге, 8 балаға – 101 760 теңге, 9 балаға – 114 480 теңге, 10 балаға – 127 200 теңге, 11 балаға – 139 920 теңге, 12 балаға – 152 640 теңге, 13 балаға – 165 360 теңге, 14 балаға – 178 080 теңге, 15 балаға – 190 800 теңге, 16 балаға – 203 520 теңге немесе әр балаға 12 720 теңге төленеді», - деп есеп берді Үкімет.

МӘСҚ мүгедектерге қанша көлемде жәрдемақы төлеп жатыр?

Еңбек министрлігі хабарлағандай, 2022 жылдың  10 айында  мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша 364 млрд теңгеден астам көлемде жәрдемақы берілген. 2022 жылғы қазан айында республикалық бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 28,3 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 8,4 млрд теңге бөлінді.

«2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 530,8 мың, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 171,7 мың адамға жетті. Мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері мүгедектік тобына және себебіне, қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының қарауындағы адам санына, сондай-ақ тиісті жылға арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленетін ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері – 53 364 теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін жәрдемақы – 48 877 теңге», - деп хабарлайды Еңбек министрлігі.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары