2030 жылға жетпей Қазақстанда қуаңшылық көбейіп, экожүйе дағдарысқа ұшырайды – депутаттар
Осылай деп дабыл қаққан депутаттар премьер-министрдің атына сауал жолдады

Парламент Мәжілісінің бір топ детутаты Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, сондай-ақ, Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Үйлестіру кеңесінің төрағасы Әлихан Смайловтың атына депутаттық сауал жолдап, жаһанды алаңдатқан мәселе – климаттың өзгеруі кезінде еліміз тап болуы мүмкін қауіп-қатерлерге назар аудартты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелермен қатар қазір Қазақстан үшін, жалпы, Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем үшін климаттың өзгеруі өте өткір проблеманың қатарына қосылғаны белгілі. Өзге де маңызды шараларды айтпағанда, былтыр ғана Астана қаласында «Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолдары және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы» халықаралық конференциясы өтті. Депутаттардың үкімет басшысына жолдаған сауалының негізінде осы конференцияда талқыланған тақырыптар жатыр. Өз сауалында депутаттар 2030 жылға қарай Қазақстанда қуаңшылық артады десе, «Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолдары және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы» халықаралық конференциясында сөз алған Тоқаев бұл болжамды нақты цифрларға айналдырған.
«2030 жылға қарай Қазақстанның 7 өңірінде астық шығымы нашарлауы мүмкін. БҰҰ-ның 2020 жылғы деректері бойынша, күтіліп отырған климат жағдайында, 2030 жылға қарай жаздық бидайдың шығымы зерттеуге алынған Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында орта есеппен қазіргі деңгейінің 63-87 пайызына ғана жетуі мүмкін. Қазақстан Орталық Азиядағы бидай экспорттайтын жалғыз мемлекет екенін ескерсек, бұл жайт бүкіл өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді», - деген еді президент.
Ал, осы конференцияда сөз алған БҰҰ Бас хатшысының ассистенті, БҰҰДБ әкімшісінің ассистенті және Еуропа мен ТМД бойынша Өңірлік директор Мирьяна Сполярич Эггер болса, Қазақстанның Орталық Азияда декарбонизациялау процесі басталып та кеткенін, Қазақстан бұл үдерістегі көшбасшылық үшін саяси ерік-жігер танытып отырғанын алға тартқан еді.
«Мемлекеттік және жеке меншік секторлардың күш-жігерін біріктіру қажет. Қазақстанда БҰҰДБ көміртегінің шығарылуын өтеу, энергия тиімділігіне арналған субсидиялар, кредиттерді кепілдендіру схемалары және «жасыл» облигациялар сияқты тұрақты дамуға жеке сектордың инвестицияларын жұмылдыру үшін каталитикалық және инновациялық құралдарды енгізіп келеді. Мемлекеттік қаржыландыруға қатысты күн тәртібінде ұлттық бюджеттің ішкі ресурстарын неғұрлым тиімді бөлу өзекті болып табылады, онда тұрақты және төмен көміртекті инфрақұрылымға басым назар аударылуға тиіс. Сондықтан БҰҰДБ көмірсутекті отынға арналған субсидияларды қазбалы отыннан бас тартудың маңызды қадамы ретінде тоқтатуға және осы қаражатты адамдарға да, планетаға да инвестициялауға шақырады. Халықаралық энергетикалық агенттіктің деректері бойынша қазбалы отынды тұтынуға елеулі субсидиялар әлемнің 40-тан астам елінде, оның ішінде Қазақстанда да бар. Мұндай субсидиялар энергия ресурстарын ысыраптап тұтынуды ынталандырады, олар ауаның ластануын күшейтеді және парниктік газдар шығарындыларын арттырады. Екінші жағынан, олардан бас тарту көміртектің нарықтық бағасын белгілеумен және «жасыл» фискалдық реформамен бірге экономикалық тұрғыдан орынды», - деген еді Мирьяна Сполярич Эггер.
Ал, депутаттар болса, Қазақстан 2015 жылы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын қабылдай отырып, парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша міндеттемелерді өз мойнына алғанын, сондықтан, Париж келісімін ратификациялағанын еске салды. Дегенмен, депутаттардың пікіріне сүйенсек, экологияны қорғау үшін қаражатты көбейткенмен, мәселе шешілмей отыр.
«Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, Қазақстанның қазіргі қуаңшылығын, суға қатысты «стресстік жағдайын» және экожүйеге келгендегі осал тұстарын ескергенде, климаттың өзгеруі біздің елімізге өте қатты әсер етеді. 2030 жылға жетпей, қуаңшылық артып, экожүйе құлдыруға ұшырайды деген болжам бар. Бұдан өзге, су ресурстарының тапшылығы пайда болып, шөл дала көбейеді, экономикамызға, халықтың денсаулығына және тұрақты табиғи экожүйеге қауіп төндіретін табиғи құбылыстар жиілеп кетеді деген жағымсыз болжам бар. Ел президентінің тапсырмасына қарамай, тіпті, экологияны сақтау үшін бөлініп жатқан шығындардың өсіміне қарамай, Климаттың өзгеруін бәсеңдетуге күш салу жөніндегі халықаралық индекске сай Қазақстан зиянды қалдықтардың мониторингі мен есеп беруінде айырмашылыққа тап болған», - дейді депутаттар.
Бұл, депутаттардың пайымынша, халықаралық стандарттардың талабына сай емес.
«Сонымен қатар, Қазақстан Climate Change Performance Index-2022 рейтингісінде, яғни, Климаттың өзгеруін бәсеңдетуге күш салу жөніндегі халықаралық индекстің рейтингісінде 100 баллдың 19,81 баллына ие болып, 64 елдің қатарында соңғы орынға «жайғасқан».
«Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары мінберде айтқан мәлімдемесіне сай, біз «2060 жылға дейін көміртекті бейтераптылыққа қол жеткізу стратегиясын» әзірлеп, сол страгиямен бірге климат жөніндегі халықаралық конференцияға дайындалуға тиіспіз», - деді депутаттар.
Анықтама: Былтыр Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының сценарийін жариялаған болатын.
«Мемлекет басшысы мәлімдеген көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын орындау үшін 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығы стратегиясының жобасы әзірленді. Екі сценарий әзірленді: базалық және көміртекті бейтарап. Алдын ала есептеулер бойынша, көміртегі бейтараптығы сценарийін жүзеге асыру 2060 жылға қарай шығарындыларды 98 пайызға азайтады.Сонымен қатар біз Париж келісімінің мақсаттарына жету үшін Ұлттық бағаланған жарналарды (ONUV) жаңарту жұмыстарын аяқтадық. Барлық негізгі секторлар үшін парниктік газдар шығарындыларын азайту шараларын қамтитын жол картасы әзірленді. Құжат мемлекеттік органдармен келісе отырып жасалған», деген еді құжатты таныстырған министр.
Бірақ, депутаттар атап өткендей, бұл құжат Париж келісімінің талабына сай болмай шыққан.
«Бірақ, өзіміз білетіндей, бұл құжаттың бірінші нұсқасын Ұлттық экономика министрлігі әзірлеп, жуырда оны Реформалар мен Климаттық диалог жөніндегі Жоғарғы кеңесте таныстырды. Алайда, өкінішке қарай, құжат Париж келісімінің халықаралық талабына сай болмай шықты», - дейді депутаттар.
Депутаттық сауалға ресми хат арқылы жауап берген премьер-министрдің кеңсесі болса, стратегия жобасының мақсатына, мазмұнына, салалық құрылымына, көрсеткіштеріне және азық-түлік қауіпсіздігіне, адам денсаулығына әсер етуіне тоқтала отырып, сөзсіз стратегияның мақсаты - 2030 жылға қарай ауаға бөлінетін парниктік газдардың көрсеткішін 1990 жылғы көрсеткішке, яғни, 15%-ға дейін жеткізу, ал түпкілікті мақсаты - 2060 жылға қарай осы көрсеткішті нөлге жеткізу деп атап өткен.
«Көрсеткіштерді өлшеу үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес парниктік газдарды шығару, ұстау және сіңіру бойынша он жылдық жоспарлы көрсеткіштерге негізделмек. Анықтама үшін айта кетейік, 52 елдің 24-і төмен көміртекті стратегияларында жалпы және аралық мақсаттарды белгіледі, 18 мемлекет тек соңғы мақсатты, ал 7 мемлекет кезең-кезеңімен өз мақсаттарын белгіледі. Стратегия жобасының іске асу тетіктері отандық және халықаралық сарапшылармен, мемлекеттік органдармен және салалық ұйымдармен әртүрлі талқылау өткізе отырып, әзірленеді», -деген құжаттың «сапалы» екенін алға тартқан Смайлов.
Стратегияға сәйкес, парниктік газдар шығарындыларын азайту тұрғысынан негізгі секторлар энергетика, өнеркәсіп, ауыл және орман шаруашылығы, қалдықтарды басқару салалары болмақ.
«Секторларды таңдау БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық тобының жалпы есеп беру форматымен анықталады. Сонымен бірге, әлемде геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты ЕО елдерінің, АҚШ пен Ұлыбританияның ресейлік энергетикалық ресурстардан бас тарту үрдісі байқалатынын атап өтеміз. Осылайша, АҚШ мұнай мен газ өндіруді кейіннен ЕО-ға осы тауарлардың экспортының ұлғаюымен ұлғайтты, ОПЕК орта мерзімді перспективада мұнай сұранысының артатынын болжайды, Еуроаймақ елдері көмір мен атом энергиясынан бас тартуды кейінге қалдыруды қарастыруда»,-деп жазылған Үкіметтің жауабында.
Үкіметтің бұдан басқа қолға алып жатқан шараларына тоқталсақ, қазір 2022-2025 жылдарға арналған көміртегі квотасының Ұлттық жоспары әзірленіп, бекітілді. Көміртекті азайту деңгейі жыл сайын 1,5% құрайды.
Сонымен қатар, тиісті тетіктер арқылы, 2025 жылдың қаңтарынан бастап, ТОП-50 кәсіпорынға «ең жақсы қолжетімді технологиялар қағидаты» енгізілмек.
«Экологиялық кодекске сәйкес 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап өнеркәсіптік кәсіпорындар (ТОП-50) ең жақсы қолжетімді технологиялар қағидаттарын пайдалана отырып, кешенді экологиялық рұқсаттарға көшуі тиіс. Мұнай-газ, тау-кен металлургия, химия және электр энергетикасы салаларындағы ТОП-50 ірі кәсіпорын үшін 2023 жылдың соңына дейін ең жақсы қолжетімді технологиялар бойынша 15-ке жуық анықтамалық қабылдау жоспарлануда. Бүгінгі таңда қол жетімді үздік технологиялар бойынша анықтамалықтарды әзірлеу мақсатында өнеркәсіптің негізгі салаларында жоспарланған 97 кәсіпорынның 85-інде кешенді технологиялық аудит жүргізілді. 2025 жылдан бастап кәсіпорындар 10 жылға арналған «Эко-тиімділік» бағдарламасына сәйкес ең үздік қолжетімді технологияларды енгізе және дамыта отырып, өз өндірісін жаңғыртуы тиіс», - деп қорытындылаған бұл мәселені Үкімет.
Сымбат Молдатай