$ 519.57  612.78  6.61
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Абай облысы: түйткілді мәселелер мен шешім жолдары

Мемлекет басшысы Абай облысына іссапарында қандай тапсырмалар берді

Абай облысы: түйткілді мәселелер мен шешім жолдары
Фото ашық дереккөзден

Еліміздің ірі қалаларында түйткілді мәселелер жұрт назарында болғандықтан уақытылы шешіліп, жекелеген тұстарда алдын алып тұрады. Ал облыс аумағында орналасқан шағын қалаларда, аудандарда жағдай керісінше. Бірінде құрылысы ұзаққа созылған нысандар, енді бірінде жұмыссыздық, тағы бірінде жалақының аздығы, тағысын тағы. Осындай күрмеулі мәселелер шешіліп, өмір сүру қолайлығын арттыру үшін Мемлекет басшысы биыл жаңадан үш облыс құрған болатын. Санаулы жылда бұл шешім өз нәтижесін беретініне сенім мол. Мәселен Түркістан облыс орталығы болған небәрі үш жылдың ішінде 257 нысан бой көтерсе, инвестиция көлемі 2,5 есе ұлғайып, жалпы ішкі өнім 41 пайызға артқан. Сол сияқты өңірді дамытудың 2024 жылға дейінгі экономикалық-әлеуметтік бас жоспарына сәйкес 1,5 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Түркістан өңірі түлеп келеді. Сонымен сөзімізге арқау болып отырған тақырып – жаңадан құрылған Абай облысының әлеуметтік жағдайы. Аталмыш өңірде құрылысы тоқтап тұрған нысандар, оңалту орталығы, сол сияқты өзге де проблемалар қалай шешіліп жатыр? Azattyq Ruhy тілшісі осы мәселені анықтап көрді.

Сонымен Абай облысы құрылғаннан кейін оның орталығы Семей қаласы болып, оның құрамына 1997 жылға дейін Семей облысының құрамында болған қалалар мен аудандар кірді. Олар: облыстық маңызы бар Семей мен Курчатов қаласы, сол сияқты Абай, Аягөз, Ақсуат (оны Тарбағатай ауданынан бөледі), Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті (Самар ауданы кірмейді), Үржар ауданы кіреді.

ПРЕЗИДЕНТ ӨҢІРГЕ ІССАПАРЫНДА ҚАНДАЙ ТАПСЫРМАЛАР БЕРДІ?

Облыс құрылып, аумағы бекітілгеннен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы жұмыс сапарымен барып, түйткілді мәселелерді қозғап, тиісті тапсырмалар берген болатын.

«Абай облысын құру өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жедел шешіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Инвестицияның келуіне, өнеркәсіп пен жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайды. Аймақты республикалық бюджеттен тікелей қаржыландыру жүйесі жүзеге асады», - деген еді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесуде Абай өңірін дамытудың негізгі бағыттары мен өзекті проблемаларына тоқталды. Нақтырақ айтқанда, Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп пен 14 балабақша салу жоспарланып отыр. Сол сияқты Абай облысы тоғыз жолдың торабында Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатқандықтан теміржол әлеуетін дамытуды, бұдан өзге аграрлық жағдайды, қазба байлық орындарын анықтауды, экологиялық жағдайды, т.б. реттеуді ерекше тапсырған болатын.

Осы тапсырмаға қатысты жуырда Оқу-ағарту министрлігі «Жайлы мектеп» жобасы аясында 12 мыңға жуық оқушыға есептелген 11 мектеп салынатынын хабарлады. Оның алтауы – Семей қаласында, ал бесеуі ауылды жерлерде болмақ.

Әлбетте жаңа құрылған облыс болғандықтан күрмеулі мәселелері болары анық. Өз кезегінде Парламент Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова да өңірдегі бірқатар мәселелерді атап өтті.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың қыркүйегінде Абай облысына жұмыс сапары кезінде өңірдің инфрақұрылымы тым тозғанын атап өтті. Осыған байланысты Семей қаласында жылу маусымында қиындық көрмес үшін тиімді шараларды әзірлеу және іске асыру қажет.

Қаланы жылумен жабдықтауды «Теплокомунэнерго» МКК қамтамасыз етеді.

Тариф тапшылығы себебінен кәсіпорын тиімсіз болып саналады және қолданыстағы шығындарды, оның ішінде көмір сатып алу бойынша шығынды өз бетінше жабуға мүмкіндігі жоқ.

Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша кәсіпорынның кредиторлық берешегі 2,9 млрд теңгені құрайды, оның ішінде жалақы бойынша берешек – 318 млн теңге», - дейді депутат.

Ол өз сөзінде кәсіпорынға түскен қаражат толықтай қызметкерлердің жалақысын төлеуге жұмсалатынын айрықша атап өтті. Сол сияқты жағдай оңалмаса жылу беру маусымында өңір тұрғындары қиындық көруі әбден мүмкін екеніне де тоқталды.

«ҚР Үкіметінің резервінен 1,4 млрд теңге сомасында қаражат бөлу арқылы қолдау қажет. Мұндай есептеу расталады, қаржылық негіздеме бар. Сонымен қатар, 2019 жылдың сәуір айында Үкіметке Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын әзірлеу тапсырылды, оған 150 орындық оңалту орталығын салу жобасы енгізілді. Нысанның құрылысына 5,4 млрд теңге бағытталды.

Құрылыс материалдары мен жабдықтары құнының қымбаттауына байланысты жобаны амалсыздан түзету жүргізілді. 03.06.2022 жылғы № 06-0133 / 22 сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Бұл орталықтың құрылысы Семей ядролық полигонындағы сынақтар салдарынан зардап шеккен өңір тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік мәнге ие және оңалту іс-шараларымен қамтуды ұлғайтуға ықпал ететін болады», - деді депутат.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы облыс жұртшылығымен өткен кездесуде аталмыш нысанды биыл аяқтау туралы қайта тапсырма берген болатын.

«Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек», – деген еді Президент Абай жұртшылығымен өткен кездесуде.

Бюджет заңнамасына сәйкес жоба құнының қымбаттауына байланысты шығын жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылуға тиіс. Алайда, Абай облысының өз қаражатының жетіспеушілігін ескере отырып, ҚР Үкіметінің резерві есебінен 1,9 млрд теңге сомасында қаражат бөлу мәселесін қарауды сұраймын, дейді депутат Айнұр Арғынбекова.

Аталмыш мәселеге қатысты бұдан бөлек 92 көппәтерлі тұрғын үйдің аяқсыз қалған құрылысы өзекті болып отыр. Онда 5 362 пәтер бар.

«Оның ішінде Семей қалаларындағы 6 көппәтерлі тұрғын үй (4 үй) және Аягөз (2 үй) бойынша жобалардың құны жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеге қымбаттай отырып, ЖСҚ (жобалау-сметалық құжаттама) түзетілді. Аталған объектілер бойынша сараптаманың оң қорытындылары алынды.

«Жаңадан құрылған облыста осы жобаларды аяқтау үшін тиісті қаражат жоқ. Аягөз қаласының екі үйі бойынша оң сараптама қорытындысы (21.09.2022 ж. №ОЭ - 0437/20, 30.09.2022 ж. № ОЭ-0455/20) алынды, Семей қаласының 4 үйі бойынша сараптама алу мерзімі осы жылдың қазан айында жоспарланып отыр.

Аталмыш жобалар өңір үшін әлеуметтік маңызға ие, сондықтан тұрғын үй алуға кезекте 18 мыңнан астам (оның ішінде Семей қаласында – 13 мың) адам тұр.

Үйлердің құрылысын аяқтау кемінде 400 отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп Сенат депутаты Үкімет басшысына сауал жолдады.

ҮКІМЕТ ҚАНДАЙ ШАРУАЛАР АТҚАРЫП ЖАТЫР?

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов депутаттық сауалға жауап бере келе биылғы жылу беру маусымы бойынша Қаржы министрлігі Үкіметтің резервінен отын сатып алуға 119,8 млн теңге сомасында қаражат бөлу туралы шешім оң қорытынды бергенін айтты. Ал Абай облысының Семей қаласында мүгедектерге арналған 150 төсектік оңалту орталығын салу жобасының қымбаттау сомасын республикалық бюджеттен қаржыландыруға қатысты былай деп мәлімдеді.

«Жобаның жалпы құны 6225,7 млн теңгені, шарттық міндеттемелер бойынша – 5446,0 млн теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджеттен – 4901,4 млн теңге (90%), жергілікті бюджеттен-544,6 млн теңге (10%) қаржыландырылды. Осылайша, бюджет заңнамасының нормаларына сәйкес Республикалық бюджеттің міндеттемелері толық көлемде орындалды.

Абай облысының әкімдігі жабдықтар мен материалдардың қымбаттауына байланысты жобаға түзету жүргізді, оның құны 8121,3 млн теңгеге дейін, яғни 1895,6 млн теңгеге ұлғайды.

Абай облысының 2023 жылға арналған бюджет шығыстарының болжамды көлемінде Ұлттық экономика министрлігі жобаның сметалық құнын 912,1 млн теңге сомасында түзетуге арналған шығыстарды көздеді, бұл ретте жобаның қымбаттауының қалған сомасын бюджет заңнамасына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыру ұсынылады», - дейді Әлихан Асханұлы.

Үкімет басшысы жауабында құрылыс жобаларын аяқтауға қаражат бөлу мәселесіне қатысты айтып өтті. Өз сөзінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратын мысал ете отырып, 2021 жылдан қалған 6 кредиттік үйдің 1 шаршы метрінің құны 160 мың теңгеден аспайтын көлемде тұжырымдаманы қабылдау жүргізіліпті. Яғни құрылыстың шекті құнына сәйкес (инженерлік желілерге шығынсыз) облигацияларды толық сомада сатып алу жүргізілді.

«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасымен (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысымен бекітілген) өңірге байланысты, оның ішінде Абай облысы бойынша әлеуметтік кредиттік тұрғын үй және тұрғын үй қорын жаңарту жобалары бойынша таза әрлеуде (инженерлік желілерге шығындарсыз) 1 шаршы метр тұрғын үй салудың шекті құны белгіленген, ол 200 мың теңгеден артық емес.

1 шаршы метр тұрғын үй құрылысының қаржыландырылатын шекті баға параметрінен асатын шығындар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жабылады. Бұл ретте әлеуметтік кредиттік тұрғын үйді сатуға құрылысты қаржыландырудың белгіленген баға параметрлері шегінде жол беріледі», - деп жауап берді Үкімет басшысы.

Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш облыс құрудағы мақсаты еліміздің әрбір бұрышын өмір сүруге қолайлы, халық ойланбастан көшіп бара алатындай күйге келтіру. Ал бұл жолда үлкен-үлкен шаруалар күтіп тұр...

Серіктес жаңалықтары