$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.11.2022, 07:29
Үкімет

«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам»: Жастарды жұмыспен қамту қалай орындалып жатыр

Жыл сайын жастар үшін мемлекет 100 мыңнан астам жұмыс орнын субсидиялайды

«Әділетті мемлекет. Біртұтас  ұлт. Берекелі қоғам»: Жастарды жұмыспен қамту қалай орындалып жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас  ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмалар қалай орындалып жатыр? Биыл жыл басынан бері қанша адам жұмысқа орналасты? Azattyq Ruhy жастарды жұмыспен қамту аясындағы осы және өзге де сұрақтардың жауабын жазады.

Күні кеше облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалардың басшыларымен кеңес өткізген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова

Биыл халықты жұмыспен қамту саласында қандай нәтижелер болғанын алдын ала қорытындылап өтті. Мәселен, жергілікті атқарушы органдардың деректерін алға тарта отырып статистикаға кезек берген Тамара Дүйсенованың мәліметіне сүйенсек, биыл 10 айда Қазақстанда 764,8 мың адам жұмысқа орналасқан.Оның ішінде 263,8 мың адам бос жұмыс орындарына, 261,2 мың адам жеке бастамалар аясында, 47 мың адам ұлттық жобаларды іске асыру аясында жұмысқа орналасса, тағы 161,5 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу аясында қолдау тапқан.

«Жұмыс орындарымен қамту мониторингін жүргізу аясында біз азаматтарды жұмысқа орналастыру фактілерін ғана емес, олар үшін міндетті зейнетақы аударымдарының болуын да қадағалаймыз. Республика бойынша бұл көрсеткіш 73% құрайды. Жергілікті атқарушы органдар бұл мәселе бойынша бақылауды күшейтуі қажет», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Ал, келесі жылы үкімет алдында тұрған міндеттер мен мақсаттарға тоқталған Тамара Дүйсенова 2023 жылы шамамен 1 млн адамды, оның ішінде ұлттық жобаларды іске асыру аясында – 499,1 мың адамды, бос жұмыс орындарына – 296,8 мың адамды, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру» жөніндегі бастамасын іске асыру аясында  – 110,9 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұдан өзге, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау аясында 5,8 мың жасқа жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын микрокредиттер, сондай-ақ 9 мың грант беру жоспарланып отырғанын хабарлады.

«Азаматтарды жұмысқа орналастыру келесі жылы басты мәселе болып қала береді. Жастарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аудару қажет. Келесі жылы барлық бағыттарды іске асыру шеңберінде кемінде 100 мың жасты жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Жергілікті атқарушы органдар бұл бағытта белсенді жұмыс істеуі керек», – деді Тамара Дүйсенова.

Жалпы, президент өз Жолдауында жастарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және еңбек ресурстарының сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударған. Статистикаға сүйенсек, жыл сайын республика бойынша 300 мыңнан астам жас адам еңбекке қабілетті жасқа жетіп, еңбек нарығына шығады. 2030 жылға қарай жұмыс күшіндегі жастар үлесі шамамен 60%-ға жетеді деген болжам бар.

«2000 жылдан кейін дүниеге келген жастарымыз бүгінгі таңда еңбек жасына жетіп отыр. Қазір жұмыс күшінің 56%-ы 1987 жылдан кейін өмірге келген жастар болса, енді 2030 жылға қарай, жалпы жұмыс күшінің дені осы жастардың есебінен болады. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Әлеуметтік кодекске жастарды жұмыспен қамту мемлекет, жұмыс беруші және жұмысқа тұрушы азаматтың араларындағы жауапкершілік қағидат аясында болмақ», — деген еді Тамара Дүйсенова  Орталық коммуникациялар қызметінде журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік және жеке бастамалар аясындағы жобалар бойынша жыл сайын жастар үшін мемлекет тарапынан субсидияланатын 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

«Енді жастар дипломы болмаса да, сертификат алып, жұмысқа орналаса алатын болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, бүгінде жұмысқа орналасқан кезде жұмысшының дағдыларын растайтын сертификаты маңызды рөл атқарады, яғни практикалық жұмысы мен біліктілігі», — деді Тамара Дүйсенова.

Осы атқарылған шаралардың арқасында, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қазан айындағы дерегіне сүйенсек, Қазақстан бойынша 210 мыңнан астам жас азамат жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартылған. Соның ішінде, 75 мың жас маман жұмыс тапқан. Жалпы, жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің негізгі бағыттары ретінде «жастар практикасы», «алғашқы жұмыс орны» және «ұрпақтар келісімшарты» жобалары, қоғамдық жұмыстар, «бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша қысқа мерзімді оқыту.

«Бұл жобалар мамандығы бойынша тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған, сондай-ақ NEET санатына жататын 16-28 жас аралығындағы жастарға арналған.

Осылайша, жастар практикасын ұйымдастыру шеңберінде соңғы үш жыл ішінде оқуын аяқтаған жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері қатарындағы жұмыссыздарға қолдау көрсетіледі. 2022 жылы жұмысқа орналасқандар саны 25,3 мың адамды құрады, оның 44% - ы жұмыс берушіде тұрақты негізде бекітілді», - деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Ал тек мектепте ғана алған білімі бар немесе жақында мамандығы бойынша оқуын бітірген жастар «Алғашқы жұмыс орны» атты жоба аясында жұмысқа орналаса алады. Бұл ретте,  «Ұрпақтар келісімшарты» жобасының мақсаты зейнеткерлік жасқа таяған адамдар жас мамандарға өз тәжірибесі, білімін, бір сөзбен айтқанда, көрген-білгенін үйретеді.

«Президенттің тапсырмасына сай, жастар арасында кәсіпкерлік бастамаларды дамыту мақсатында 58 мыңнан астам адам бизнес жүргізу дағдыларын үйреніп, оның ішінде 6 мыңы өз ісін бастауға грант алған. Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша (оқу орнында немесе жұмыс орнында) қысқа мерзімді оқуға 3,3 мың адам жіберілді, олар оқу ақысы түрінде мемлекеттік қолдаумен, сондай-ақ стипендиямен және оқу орнына барып келуге, тұруға және медициналық тексеруден өтуге материалдық көмекпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 1220 адам оқуды аяқтады, оның 985-і жаңа мамандық бойынша тұрақты жұмысқа орналастырылды», - деп хабарлайды Еңбек министрлігі.

Парламент назарында: Жоғары білім жастардың 40%-дан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді

Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты, үкімет пен парламент жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін үнемі назарда ұстайды. Сенат  «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өткізгені белгілі.

Парламенттік тыңдау кезінде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев осы бағытта  шұғыл, жүйелі және кешенді шешімдерді талап ететін бірқатар өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаларды атап өткен болатын. Сондай проблеманың бірден бірі, Мәулен Әшімбаев атап өткендей,  жастардың жұмыссыздық мәселесі. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың ресми деңгейі салыстырмалы түрде төмен, бірақ тәуелсіз ұйымдардың балама зерттеулері басқа мәліметтерді көрсетеді.

«Тәуелсіз ұйымдардың сауалнамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы топта респонденттердің шамамен 12%-ы әлі тұрақты жұмыс істемеген. Жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 40%-дан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осыған байланысты жұмыс орындарын құруға және жастар практикасына бағытталатын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды», - деген еді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін қолдау жөнінде нақты саясат жоқ екенін айтқан.

«Жастар өз бизнесін ашудан бас тартудың себептерін 32%-дық бастапқы капиталдың жоқтығын және 18%-дық өзіндік бизнесті құру үшін білімнің жетіспейтіндігін айтады. Осыған байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды, оларға қомақты бюджет қаражаты, оның ішінде "Атамекен" ҰКП желісі бойынша да бағытталады», - деді Мәулен Әшімбаев.

Осы және өзге де мәселелерді назарға алған үкімет  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеген еді. Дәлірек айтсақ, заң жобасын  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындаған. Құжатта  жастардың даму индексін енгізу, білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қызметтер көрсету, жастармен жұмыс істейтін маман түсінігін белгілеу және өзге де мәселелер көзделген. Сондай-ақ бұл тізімге депутаттардың ұсынысы бойынша жастар санатын 35 жасқа дейін ұзарту мәселесі енгізілген еді. Әзірге, бұл тақырып жан-жақты талқыланып жатыр. Дегенмен, норма бекітілсе, еліміздегі жастар саны 6,2 миллионға жетеді.

Заң жобасы бойынша Мәжіліске келіп баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі уақытша жұмысқа орналаспаған жастарға – NEET мәртебесін енгізу мәселесіне тоқталды.

«Қарастырылып жатқан заң жобасында NEET терминін ұлттық заңнамада бекіту, осы санаттағы жастарды қолдау тетіктерін енгізу ұсынылады. Осыған байланысты NEET жастарымен жұмыс істеуді қалай ұйымдастырғалы отырсыздар?», - бұл мәселеге қатысты сауал қойған депутат Вера Ким.

«Елімізде жұмыссыз және оқудан шығып қалған жастардың көп екені белгілі. Бұл мәселе осы заң жобасында кеңінен көрініс тапқан. NEET санатындағы жастарды төртке бөлуді қарастырып отырмыз. Біріншісі – жалпы жұмыссыз жастар. Оқудан шығып қалған, жұмыс істемейтіндер қатарын анықтаймыз. Халықты жұмыспен қамту орталықтарынан олардың дереккөздері алынады. Екінші санатта – жұмыс істей алатын мүмкіндігі шектеулі жандармен, үшінші санатта – созылмалы аурулармен ауыратын немесе зиянды нәрселерге тәуелді еліміздегі белсенді емес жастармен жұмыс істеуді қолға аламыз. Соңғысы – үй шаруасындағы жастар. Оған көп балалы, жалғыз басты аналар кіреді. Олардың саны анықталып, индексі жасақталады және жұмыспен қамту мәселесімен айналысамыз», – деп жауап берген болатын бұл мәселеге қатысты министр.

Заң жобасы Мәжілістегі екі оқылымнан өткен соң, Сенатқа түседі. Сенат қолдаса, Президент құжатқа қол қояды.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары