Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеулеріне 9 млрд теңге бөлінеді
Зерттеулер «Мәңгілік ел» мен ұлттық қауіпсіздік мәселелерін қамтиды
Үкіметте жоғарғы ғылыми-техникалық комиссияның отырысы өтті.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020-2022 жылдары жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландырудың жалпы көлемі 9 млрд теңгені құрайтын болады. Яғни жыл сайын 3 млрд теңгеден бөлінеді.
Қазіргі кезде мемлекеттік ғылыми-техникалық және экономикалық сараптамалар нәтижесі бойынша ұлттық ғылыми кеңестер келесі 7 басым бағыт бойынша жас ғалымдардың 1013 өтінімін іріктеп алды:
- энергетика және машина жасау (102);
- табиғи ресурстарды, оның ішінде су ресурстарын, геологияны, қайта өңдеуді, жаңа материалдар мен технологияларды, қауіпсіз бұйымдар мен конструкцияларды ұтымды пайдалану (313);
- жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулер, ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологиялар (167);
- агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнмдерінің қауіпсіздігі (139);
- өмір және денсаулық туралы ғылым (127);
- «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасыр білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер, 155);
- ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс (10).