$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.02.2020, 11:28
Үкімет

10 жылда 75 млрд: АШМ жұмыртқа өндірісін субсидиялау неге тоқтайтынын түсіндірді

Бұған Дүниежүзілік сауда ұйымы талаптары да түрткі болған

10 жылда 75 млрд: АШМ  жұмыртқа өндірісін субсидиялау неге тоқтайтынын түсіндірді

Қазақстанда азық-түлік жұмыртқасын өндіруді субсидиялау 2010 жылы басталған. Ол кезде отандық кәсіпорындар 3,3 млрд дана жұмыртқа өндіріп, ішкі нарықтың қажеттілігін тек 70 пайызға қамтамасыз ететін (мемлекет жылына 150 млн. жұмыртқаны импорттайтын). Отандық жұмыртқаның 64 пайызын  агроқұрылымдар, қалғанын жеке шаруалар өндірді, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.

«Қазақстанда тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялау жұмыстары 10 жылға жуық жүргізіліп келді. Бұл ретте жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары «инвестициялық субсидия» (салынған инвестицияның 25%-ы), «несиенің және лизингтің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау», «соңғы нысандағы жұмыртқа бағытындағы асыл тұқымды тәуліктік төлді сатып алу» және «тағамдық жұмыртқа өндірісінің құнын арзандату» сияқты мемлекеттік қолдау түрлерімен қамтылды.

«Мемлекет тарапынан берілетін субсидияның көмегімен 10 жыл ішінде құс фабрикаларының өндірісі 83%-ға артып, жылына 4,3 млрд жұмыртқаға жетті. Үкімет жұмыртқа өндірушілерді қолдау мақсатында 2010 жылдан бастап 2019 жылға дейін «құс өсірушілерге» субсидия түрінде 75 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді»,- делінген хабарламада.

Мемлекеттік қолдауға сүйене отырып, Қазақстанда құс шаруашылығы саласы қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Сондай-ақ, қолда бар құс фабрикаларының техникалары қайта жарақтандырылды. Олардың көпшілігі мемлекет тарапынан берілген жеңілдетілген несие және инвестициялық салымдарды субсидиялау арқылы жаңартылды.

«Осылайша, Үкімет тарапынан бөлінетін субсидиялардың арқасында саланың жағдайы тұрақтанды. Бүгінде Қазақстанда құс шаруашылығы өнімдерінің жыл сайынғы өсімі байқалуда. Мемлекеттің көмегімен жұмыртқа өндірісіне бөлінетін субсидияның арқасында ішкі нарықтың қажеттілігі 120%-ға қамтамасыз етілді», - деп мәлімдеді АШМ.

ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 24 шілдедегі №18975//423 қаулысымен бекітілген «ҚР АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған мемлекеттік бағдарламасында аграрийлерді қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін «өнім бірлігіне арналған субсидиялар» деп аталатын «тауарлы-ерекше субсидияларды» кезең-кезеңмен қысқарту көзделген. Мал шаруашылығындағы тауарлы-спецификалық субсидияларды қысқарту мемлекеттік бағдарламада 2020 жылдан бастап жоспарланған.

«Осындай нарықты бұрмалаушы субсидиялардың түріне «өнім бірлігіне арналған субсидиялар» деп аталатын «тауарлы-ерекше субсидиялар» жатады. Мал шаруашылығындағы тауарлы-спецификалық субсидияларды қысқарту мемлекеттік бағдарламада 2020 жылдан бастап жоспарланған», - деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Бұл ретте, субсидия беруді тоқтату, «жұмыртқа шаруашылығына» мемлекет тарапынан енді мүлде көңіл бөлінбейді деп кесіп айту қателік. Құс фабрикалары үшін сыйақы мөлшері жеңілдетілген несие беру, сондай-ақ өндіріс қуатын көбейту үшін тартылған инвестициялық шығындарды субсидиялау шаралары жалғасады.

«Саланы одан әрі дамыту өткізу нарығын кеңейтуге және терең өңдеуге көшу арқылы өндірісті әртараптандыруға бағытталуы тиіс. Жұмыртқаны қайта өңдеуді дамыту жұмыртқа ұнтағы, меланж, ақуыз және құрғақ ферменттелген сарыуыз, құрғақ жұмыртқа қоспалары және т. б. өндіруге мүмкіндік береді. Бұл отандық кондитерлік және тамақ өнеркәсібін сапалы және арзан өніммен қамтамасыз етуге бағытталу керек. Бұл бағытта мемлекет отандық жұмыртқа өндірушілерді қолдауға дайын»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары