Президент Абаевқа масс-медианы қолдау жөнінде тапсырма берді
Президент Волонтер жылының тиімді өткізілуіне көңіл бөлуді тапсырды
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Кездесу барысында Президентке мемлекеттің ақпараттық саясатының тетіктерін жетілдіру, азаматтық қоғаммен ықпалдастықты нығайту, жастардың бастамалары мен жобаларына қолдау көрсету, сондай-ақ, диаспоралық және діни саясат бағытында жоспарланған шаралар туралы баяндалды.
«Президент Волонтер жылының тиімді өткізілуіне, еріктілерге қолдау көрсетудің нақты институттарын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Тоқаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға азаматтық қоғамды тартудың, «Ашық Үкімет» қағидаттарын дамытудың маңызы зор екенін айтты», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Президент қазақстандық масс-медианы қолдауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.