«Құпия». Бәйтерек холдингінің басшылығы жалақы көлемін айтудан бас тартты
Холдинг былтыр жалақы төлеуге 24 млрд теңге жұмсаған
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингісінде бірнеше журналист «Бәйтерек» холдингі қызметкерлерінің жалақысы мен қызметкерлердің атқарған жұмысына байланысты берілетін бонустарының көлемін сұрады. Бірақ, басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев «БАҚ» туралы заңға сәйкес, өз жалақысын жария етуден бас тартты.
«...қызық сұрақ болып тұр. Жалпы айтып кетейін, біздің жалақымыз Үкіметтің №1266 қаулысымен реттеледі. Ол қаулымен түгел мемлекеттік қызметкерлер жалақысын алады. Бірақ, жалақымның нақты сомасын ашық түрде айта алмаймын, себебі, «БАҚ» туралы заңға сәйкес, осы ақпаратты ашық айтуға болмайды», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Үкіметтің 2020 жылғы 24 қаңтарда өткен кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» холдингінің әкімшілік шығындары бір жылда 54 млрд теңгеге жеткенін айтып, бұл шығынды қысқартуды тапсырған болатын. Президенттің мәліметінше, холдинг қызметкерлерінің жалақысын төлеуге 24 млрд теңге кетеді.
Ал, Әнуар Омарқожаевтың бүгін хабарлағанындай, жыл басынан бері холдинг 170 штат санын қысқартып үлгерген.
«Алда әкімшілік шығындарды 25 пайызға дейін азайту жоспарда бар», - деді ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан