Қазақстандағы 400 мыңға жуық Өзбекстан азаматы жалданып жұмыс істейді
Былтыр Қазақстандағы Өзбекстан азаматтары өз елдеріне 108 млн доллар аударған
Бүгін Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы еңбекші мигранттардың құқықтарын қорғау туралы келісімді ратификациялауды мақұлдады.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, Қазақстанда жұмыс істейтін өзбекстандық азаматтар 2019 жылдың 9 айында өз елдеріне банк арқылы 108 млн $ аударған. Ал Өзбекстанда еңбек ететін қазақстандықтар осы аралықта 25 млн $ жөнелткен. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. Оның сөзінше, өзбек азаматтарының көбі жеке үйлерде жалданып жұмыс істейді.
«Қазақстандық компанияларда 19 мың шетелдік азамат жұмыс істесе, соның 900-ы ғана Өзбекстаннан. Олардың басым көпшілігі жеке тұлғалардың үйінде жалданып жұмыс істейді. Оны толығымен ішкі істер министрлігі бақылайды. Салығын жинайды, рұқсат береді. ІІМ-нің ресми мәліметі бойынша, былтыр 414 мың адамға солай жұмыс істеуге рұқсат берілген. Соның ішінде 95%-ы, яғни 394 мыңы Өзбекстан азаматтары», - деді министр.
Олардың 82%-ы құрылыс саласында, 9%-ы бала тәрбиешісі және аспаз болып жұмыс істейді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан