Мамин «Rixos Turkestan» мен «Hampton by Hilton» қонақ үйлерінің құрылысымен танысты
Ол Түркістан қаласындағы нысандардың салыну барысын тексерді
Премьер-Министр Түркістан қаласындағы жаңа әуежайдың және оған апаратын автомобиль жолының салыну барысымен танысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.Нысан облыс орталығынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан және биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 млн жолаушыны құрамақ.
Бұдан бөлек Мамин Конгресс-холл, Оқушылар сарайы, әкімдіктің кеңселер ғимараты, бассейні бар спорт кешені, 7 мың орынға шақталған стадион, драма театры, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, аттракциондары бар қалалық саябақ, «Ұлы дала елі» орталығы және Яссауи музейі ғимараттарының құрылыс алаңдарын аралады.
«Үкімет басшысы әрқайсысы 120 бөлмеден болатын «Rixos Turkestan» және «Hampton by Hilton» қонақ үйлерінің, сондай-ақ «Sembol construction» түрік компаниясы салып жатқан, инвестиция көлемі 80 млрд теңгені құрайтын «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенінің құрылысы барысымен танысты. Бұл қонақ үй-туристік нысандардың барлығын биыл пайдалануға беру көзделген», - деп жазады баспасөз қызметі.
Айта кету керек, биыл күзде шаһарда Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің саммитін өткізу жоспарланған.
«Осыған орай барлық қажетті нысандардың құрылысының уақытылы әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз ету қажет», — деді А. Мамин.