Бюджет қаржысын игере алмаған министрліктер аталды
Биылғы сегіз айда мемлекеттік бюджеттің 60 млрд теңгесі игерілмей қалған
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында бюджет қаражатын игермеген министрліктер мен облыс әкімдіктерін атады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Министрдің мәліметінше, мемлекеттік бюджет шығыстары 98,4%-ға, республикалық – 99,5%-ға, жергілікті бюджеттер 97,6%-ға игерілген.
Биылғы сегіз айда мемлекеттік бюджеттің 60 млрд теңгесі игерілмей қалған.
«Республикалық бюджет бойынша 11,7 триллион теңгеге шығыстар жасалды. Игерілмеген қаржы 60 млрд теңге болса, оның 11 млрд теңгесі үнемдеу мақсатында игерілмеген. Таза игерілмей қалған қаржы – 49 млрд теңге», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Осылай деген министр бюджет қаржысын игере алмаған ведомстволарды атады.
«Бөлінген қаржыны игере алмағандар қатарында Ішкі істер, Қорғаныс, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктері тұр», - деді Е. Жамаубаев.
Қаржы министрінің айтуынша, қаржы игерілмеуінің негізгі себептері: тендерлік рәсімдердің ұзаққа созылуы, орындалған жұмыс актілерінің, шот-фактуралардың уақытылы ұсынылмауы, келісімшарт жасаудың ұзақ мерзімді рәсімдері, қосымша келісімдер, нақты көрсетілген қызметтердің ғана көлеміне төлем жүргізілуі, ай сайын қаражат жұмсалуы туралы есеп беруге қажеттіліктің жоқ болуы.