ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

Салафизмге тыйым салу мәселесі қаралмады - ҰҚК

ҰҚК төрағасының орынбасары «салафизм - тек дінге деген көзқарас, бөлек ағым» деген пікір білдірді

Бүгін Сенат отырысынан кейін журналистер ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековтен Қазақстанға Таяу шығыстағы қақтығыс аймақтарынан әкелінген қазақстандықтардың діни көзқарасы жайлы сұрады. Сирия, Ауғанстан, Ирак елдерінен келгендердің дені Қазақстанда тыйым салынбаған діни ағым өкілдері екені айтылды.

«Қақтығыс аймақтарындағы қазақстандықтардың бәрі бірдей ондай ағым өкілдері емес. Дәстүрлі дін ұстанушылар да бар. Ал салафизмге, нақтырақ айтқан псевдосалафизмге тыйым салу туралы мәселені зерттедік. Қоғам да талқылауда. Бірақ, біз әлі қарастырмадық. Түсінесіз бе, бұл - террористік ұйым емес, идеология. Мысалы, «Хизб ут-Тахрир» немесе «Таблиғи жамағат» өз орталықтары, құрылымы бар қалыптасқан ұйым. Ал салафизм - тек дінге деген көзқарас, бөлек ағым», - деді Н. Білісбеков.

Комитет төрағасының орынбасары қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында экстремистік құрылымдарға ортақ көзқарас қалыптастыру туралы жұмыс жүріп жатқанын хабардар етті.

«Заңда экстремистік ұйым деген нақты түсінік бар. Бүгін біз Сенатта қарастырған Шанхай ынтымақтастық ұйымының конвенциясы бізге практикада ШОС аясында экстремизмге қатысты ортақ түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, Қырғызстанда немесе Қытайда кей экстремистік ұйымдарға тыйым салынбаған болуы мүмкін. Біз қазір бір мемлекетте тыйым салынған террористік немесе экстремистік ұйымдарға ШОС-қа кіретін басқа елдерде де тыйым салу консенсусын қарап жатырмыз», - деді ол.

Н. Білісбеков айтқан «ШОС-тың экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын ратификациялау туралы» заңды бүгін Сенат мақұлдады. Аталған заң ШОС аясында оған мүше елдердің сотталғандарды бір-біріне ұстап беруге, экстремизмге қарсы бірге күрес жүргізуге мүмкіндік туғызады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан