«Көзін жұмып тыңдайтын тактикасы бар». Депутаттар «қалғып отырған» Косарев жайлы пікір білдірді

«Ұйықтаған депутат» жайлы видео әлеуметтік желілерде 31 қаңтар күні тарады

Жақында әлеуметтік желілерде Парламент Мәжілісінде болған бір видео тарады. Онда депутаттардың бірі сауал жолдап, оның жанында отырған Қазақстан коммунистік партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Владислав Косаревтың бір құлағына құлаққап тағып, екі көзін жұмып отырған бейнесін көруге болады. Желі оқырмандары оны «ұйықтап отыр», «қалғып отыр» деп сынға алды.

Бүгін Azattyq Rýhy тілшісі желіде қызу талқыланған видеоға қатысты Косаревтың әріптестерінің, яғни бірқатар Мәжіліс депутатының пікірін біліп қайтты.

Мәжіліс депутаты, «Халық коммунистері» фракциясының өкілі Жамбыл Ахметбеков бұл видеоны инстаграм желісінен көріп қалғанын, оның бір құлағымен тыңдайтынын айтып берді.

«Ол кісінің өзінің тактикасы бар. Мүмкін көзін жұмып тыңдауы жас шамасына да байланысты шығар және ол кісі бір құлағымен естиді (тыңдайды - ред.). Құлаққап кейде құлағыңды қысып жібереді, кейде мен де жоғары-төмен қозғап отырамын. Ол кісі де сөйткен шығар», - дейді Жамбыл Ахметбеков.

Депутат Бақытбек Смағұл «жасы үлкен кісі ғой, адам баласы болған соң кездесетін жағдай» деп қысқа қайырса, Нұржан Әлтаев ол видеоны көрмегенін айтты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.