ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

Мамин Беларусь және Молдова үкімет басшыларымен кездесулер өткізді

Екі елдің премьер-министрлері Алматы қаласына келді

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысына және «Digital Almaty» форумына қатысу үшін Алматы қаласына келген Беларусь премьер-министрі Сергей Румаспен және Молдова премьер-министрі Ион Кикумен екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Беларусь премьер-министрі С. Румаспен кездесуде инвестициялық, индустриялық, агроөнеркәсіптік, энергетикалық, транзиттік-көліктік, әскери-техника салаларындағы, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер аясындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралды. 

«Бүгінде Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынастар екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың табысты әрі тиімді үлгісін көрсетеді. Біздің елдеріміздің арасында қарқынды саяси диалог орнатылған, терең экономикалық байланыстар қалыптасқан, ынтымақтастықтың барлық салаларында өзара іс-қимыл тиімді дамып жатыр», — деді А. Мамин.

Елдер өнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобаларды табысты жүзеге асырып жатыр. Олардың ішінде — «ҚазБелАз» БК базасында «БелАз» карьерлік техникасын құрастыру, «АгромашХолдинг» базасында комбайн және «Hyundai Trans Auto» ЖШС базасында «МАЗ» автотехникасын шығару, сондай-ақ «Алатау» лифт жасау компаниясы» базасындағы лифтілер өндірісі.

ҚР премьер-министрі өндірістік кооперацияны кеңейтуге және Қазақстан аумағында бірлескен өндірістерді жергіліктендіру деңгейін арттыруға қызығушылықтың бар екенін жеткізді.

Молдова премьер-министрі И. Кикумен кездесу барысында екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен ЕАЭО форматындағы өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды.

«Біздің елдер арасында сенімді әрі ашық саяси диалог орнаған, сауда-экономикалық өзара іс-қимыл мен мәдени-гуманитарлық байланыстар нығая түсуде. Әр түрлі аймақтық алаңдарда біздің мемлекеттер басшыларының кездесулерінің тұрақты түрде өтуі Қазақстан – Молдова ынтымақтастығын нығайтуға өзара мүдделіліктің бар екенінің айғағы», — деді А. Мамин.

Қазақстанда молдавандық қатысуымен 70-ке жуық заңды тұлғалар, бөлімшелер мен өкілдіктер жұмыс істейді.

ҚР премьер-министрі Қазақстанның Молдовамен сауда-экономикалық, инвестициялық, агроөнеркәсіп және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамытуы үшін елеулі әлеуеттің бар екенін атап өтті.