2021 жылдан бастап ЖОО-лар жеке үлгідегі диплом бере бастайды - БҒМ
Министрдің айтуынша, енді жұмыс берушілер дипломға емес, түлектің құзыреттеріне көбірек көңіл бөледі
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесуде 2021 жылдан бастап ЖОО-лардың мемлекеттік үлгідегі емес, жеке үлгідегі (әскери және арнайы оқу орындарын қоспағанда) диплом беруі туралы норма күшіне енетінін айтты. Бұл ЖОО-лар арасындағы бәсекелестікті арттырып, ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасына қатысты жауапкершіліктің өсуін қамтамасыз етпек. Бұл туралы ақпаратты БҒМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Министрдің айтуынша, енді жұмыс берушілер дипломға емес, түлектің құзыреттеріне көбірек көңіл бөледі. Жұмысқа орналастыру кезінде ЖОО-ның беделі мен имиджі басты рөл атқаратын болады.
«Студенттер мен олардың ата-аналарын ЖОО таңдауда мұқият болуға шақырамыз. Сонымен қатар, келесі аспектілерге назар аударуды ұсыну қажет: әлемнің үздік жоғары оқу орындары рейтингісінде ЖОО-ның позициясы, «Атамекен» ҰКП рейтингісінде білім беру бағдарламалары, ЖОО мәртебесі мен академиялық беделі, ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасы», - дейді Асхат Аймағамбетов.
Білім беру қызметтерін бағалауға әсер ететін әрі еңбек нарығы ұсынып отырған негізгі факторлар - ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасу пайызы және олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуы, ЖОО-ның аккредиттеуден өтуі, білім беру бағдарламаларының өзектілігі және тағы басқалары.
Заңнамаға сәйкес студенттерге қысқы және жазғы каникул кезінде бір ЖОО-дан екіншісіне ауысу мүмкіндігі берілгендігін айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда Білім және ғылым министрлігі еліміздегі ЖОО-ларда білім беру саласындағы заңнаманың сақталуына тексеру жұмыстарын жүргізуде. Заңнама талаптарының бұзылуы және сапасыз білім беру қызметтерін ұсыну фактілері анықталған жағдайда жоғары оқу орындарын лицензиядан айыру немесе тоқтата тұру бойынша шаралар қабылданады.