«Кредитті төлей алатындарға ғана беру керек». Тоқаев Ұлттық банк жұмысын сынады
Мемлекет басшысы корпоративтік секторды несиелендіру көлемі төмендеп, тұтынушылық кредит көлемі өскенін айтты
«Корпоративтік секторды кредиттеу 80-70%-ға төмендеді. Шағын және орта бизнесті кредиттеу 18%-ға, ауыл шаруашылығын кредиттеу 48%-ға азайды. Ал тұтынушылық кредит 24%-ға өсіп кетті. Олардың 3/2 бөлігі кепілсіз берілген. Бұл қаржы саласында үлкен проблема бар деген сөз. Басқаша айтқанда, қаржы секторы – ауру», - деді Президент.
Мемлекет басшысы халыққа оңды-солды несие беруді тоқтатуды тапсырды.
«Кредитті кім қайтара алады, соған беру керек. Жеке тұлғаларға берілген несие 1 трлн 400 млрд теңгеге өсіп, 6,7 трлн теңгеге жетті. Олардың толық қайтарылуы өз алдына бөлек сұрақ. Ал заңды тұлғаларға берілетін несие 590 млрд теңгеге қысқарды»,- деді бұған байланысты ол.
Президент Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевқа қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, банк секторын шұғыл реттеуді тапсырды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан