Қасым-Жомарт Тоқаев: «Салық – халықтың ақшасы»
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жаппай салық жеңілдігі болмайтынын ескертті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, микро және шағын бизнесті салықтан босату өзінің әлеуметтік-саяси пайдасын тигізеді.
«Салық саласын дамытып, сату нарығын құрудан қарағанда, салық жеңілдігін ұсына салу оңай. Бірақ, салық – халықтың ақшасы екенін және сол салықтың арқасында мемлекетке ортақ міндеттер шешілетінін ұмытпау керек. Қорғаныс, білім беру, денсаулық сақтау дегендей. Бірақ, жеңілдікті экономиканың жекелеген салалары мен кәсіпорындары алып отыр. Ия, біз микро және шағын бизнесті салықтан босаттық. Өйткені, олардың дамуына серпін беру керек болды. Бұл әлеуметтік, тіпті, саяси тұрғыда өзін ақтаған қадам. Бірақ, күнделікті салықтан босату өте жағымсыз салдарларға әкеп соғуы мүмкін», - деді Үкіметке ескерту жасаған Тоқаев.
Президенттің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 2018 жылдың өзінде ғана 4,5 трлн теңгеге салық жеңілдігі жасалыпты.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан