Инфляция деңгейі бойынша ЕАЭС елдерінің «чемпионымыз» - Тоқаев
Президент экономика санмен ғана емес, сапамен дамуы керек деді
Тоқаев былтыр Үкімет экономикалық өсімге қол жеткізгенмен, оның сапасына қатысты мәселелерді жылдар бойы шеше алмай келе жатқанын атап өтті.
«Жоспардағы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Макроэкономикалық жағдай тұрақты. Шағын бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Жақсы делік. Бірақ, экономиканы несиелеу тұралап тұр. 2019 жылдың 11 айындағы көрсеткіш бойынша несие портфелінің көлемі ЖІӨ-ге шаққанда 23 пайыздан 22 пайызға төмендеді», - деді Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ел экономикасының дамуына кедергі факторларды атаған Президент инфляция деңгейі жоғары екенін атап өтті.
«Былтыр біз өкінішке қарай Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында инфляция деңгейі бойынша «чемпион» болдық. Үлкен проблеманың бірі – еңбек өнімділігінің айтарлықтай өсім көрсете алмауы. Бұл нағыз үлкен проблема. Шикізаттық емес экспорттың үлесі өте баяу өсіп келеді. Көріп отырғандарыңыздай, экономиканың өсу сапасымен байланысты міндеттер көп. Олардың арасында жылдар бойы шеше алмай келе жатқан құрылымдық проблемалар бар», - деді Президент.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан