Қазақстан Украина азаматтығы бар этникалық қазақтарды қабылдауға дайын
Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты
Қазақстан Украина азаматтығы бар этникалық қазақтарды қабылдауға дайын. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Жаһандық геосаяси жағдайға байланысты елшілік Украинадағы қазақ диаспорасымен байланыс орнатып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша сыртта 10 мыңға жуық қандасымыз бар.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: - «Украинадағы қазақтар Қазақстанға келуді қаласа, мейлінше көмек көрсетуге әзірміз. Қазір елшілік қандастарымыздың жалпы санын нақтылап жатыр. Олар жеке басының қауіпсіздігі үшін Украинаның өзге өңірлеріне шығып кетуі мүмкін. Көбі Львов және Харьков облыстарына шоғырланғанын бұрын айттық. Шет мемлекеттерге қоныс аударғандары да бар», - ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Азаматтарымызды эвакуациялау жалғасып жатыр.
Вице-премьердің айтуынша, қазақстандықтарды Украинадан толық эвакуациялауға тағы бір апта кетуі мүмкін. Жағдайды шекарадағы ахуал мен ел аумағындағы коменданттық сағат күрделендіріп тұр. Қазіргі таңда 300-ге жуық азамат қауіпсіз жерге көшірілді. Бүгін түнде тағы 145 адам келуі тиіс.
«Азаматтарды бір сәтте эвакуациялау оңайға соқпады. Алғашында 800 мыңнан астам адам Украинадан кеткісі келді. Өйткені өзге елдердің азаматтары да тарихи Отанына оралуға асықты. Ұйымдастырушылық жағынан мәселе көп болды. Сыртқы істер министрлігі мен біздің елшілік барлық шұғыл шараны дер кезінде қабылдады. Қазір көп нәрсе Украина шекарасындағы жағдайға байланысты», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов