Қазақстанда 1 млрд долларға газ өңдеу зауыты салынуы мүмкін
Алайда, ҚР Энергетика вице-министрі бұл жобаны әзірге кім қаржыландыратыны белгісіз екенін айтады
Қазақстан Үкіметі Қашағаннан мұнай, газ өндіретін шетелдік компаниялармен бірге кен орны аумағында құны $1 млрд болатын газ өңдеу зауытын салуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Энергетика министрінің орынбасары Мұрат Жүребеков Reuters ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында айтқан.
Вице-министр басылымға берген сұхбатында зауыттың қуаты жылына 1 миллиард кубты құрайтынын, ал газдың Қашаған кен орнынан алынатынын айтқан. Бірақ, жобаны кім қаржыландыратыны әзірге белгісіз.
«Зауыт мемлекет ақшасына салына ма, әлде жеке инвестициялар тартыла ма, не болмаса «Қазтрансгаз» ұлттық операторы қаржы бөле ме, ол жағын әлі шешпедік», - дейді Мұрат Жүребеков.
Айта кетейік, Қашаған - Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі кен орындарының бірі. Онда қазір North Caspian Operating Company (NCOC) халықаралық консорциумы арқылы «ҚазМұнайГаз», Total, Eni, Royal Dutch Shell, ExxonMobil, CNPС, Inpex компаниялары мұнай мен газ өндіріп жатыр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан