Ұлттық банк төрағасы инфляция деңгейін ұстап тұрудың жолын айтты
Президент жолдауында Ұлттық банк пен Үкіметке инфляцияны 4-6% дейін төмендетуді тапсырды
2021 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша инфляцияны жеделдетуге әсер еткен негізгі фактор – азық-түлік бағасының өсуі. Инфляция 11,4% деңгейіне жетті, деп хабарлады Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.
«Инфляцияны жыл соңына қарай 8%-ға дейін төмендету үшін Үкімет пен әкімдер реттеушілік сипаттағы және монополияға қарсы ықпал етудің тиімді уақытша шараларын алып тастамай, жекелеген нарықтардағы маусымдық күйзелістер мен теңгерімсіздіктерді жою жөнінде жедел шаралар қабылдайды. Инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі орта мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет тауарларды өндіру, экспорттау және импорттау теңгерімін қатаң сақтай отырып, ішкі нарықты толыққанды молықтыру, АӨК өнімділігін арттыру және тиімді тауар өткізу жүйесін дамыту жөніндегі бастамаларды іске асыратын болады. Бұл азық-түлік инфляциясын 2022 жылы 6%-ға және 2023-2024 жылдары 5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.
Ол жанар-жағармай нарығы бағаның өсуін тежеудің негізгі әлеуетіне ие екенін атап өтті. Үкіметпен келісім бойынша Ұлттық банк азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша инфляцияның 2022 жылы 5%-ға дейін және 2023-2024 жылдары 4%-ға дейін төмендеуін күтуде.
«Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап бағаны әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарын атаулы қолдауға көшуді бастау орынды деп санаймыз. Бұл сервистік инфляцияны 2022-2024 жылдары 4% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік береді», - деп толықтырды Досаев.
Естеріңізге сала кетейік, Президент 1 қыркүйектегі жолдауында Ұлттық банк пен Үкіметке инфляцияны 4-6% дейін төмендетуді тапсырды.