Жолдауды іске асырудың Жалпыұлттық жоспары қабылданды
Жоспар қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 102 іс-шарадан тұрады
Үкімет ҚР Президентінің жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, Жалпыұлттық жоспардың жобасы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 7 бағыт пен 5 бастама бойынша 102 іс-шарадан тұрады.
Бірінші бағыт бойынша 27 іс-шараны іске асыру көзделген. Кәсіпкерлікті дамыту үшін 2022 жылы бөлінетін қаражат көлемі 1 трлн теңгеден кем болмайды.
100 мыңнан кем емес жоғары білікті IT-мамандарды даярлау, 2025 жылға қарай цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлар экспортын 500 млн долларға дейін арттыру жоспарлануда.
Әсет Ерғалиевтің айтуынша, инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету мақсатында Ұлттық геологиялық қызмет құрылады.
«Экономикалық айналымға тоқтатылған кепілдік активтерді қайтару туралы заң жобасы әзірленеді. Отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарлары бағасының қолжетімділігін және олардың көлемінің жеткіліктілігін қамтамасыз ету бойынша шешім әзірлеу жоспарлануда», - деді ҰЭМ басшысы.
Екінші бағыт бойынша 8 іс-шара жоспарланған. ДДСҰ тіркеген вакциналарды сатып алу жеделдетіледі. Медициналық бұйымдарды зертханалық және техникалық сынақтан өткізу орталығын құру жоспарлануда. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде кемінде 12 санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханасы жоғары технологиялық жабдықпен қамтамасыз етіледі. Отандық тауар өндірушілермен оффтейк-келісімшарттардың көлемі мен номенклатурасы кеңейтіледі.
Үшінші бағыт бойынша 12 іс-шара жүзеге асырылады. «Білім туралы» заңға үлгілік оқу жоспарларын алып тастау бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Мұғалімдерді 3 жылда бір рет қайта оқытуды ұйымдастыру жоспарлануда.
«Қашықтықтан оқыту форматтары үшін ақпараттық жүйелердің сапасын арттыру жалғастырылады, сондай-ақ «Цифрлық мұғалім» жобасы іске асырылады. Дарынды балалар мен оларды тәрбиелеген педагогтерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне гранттар, біржолғы ақшалай сыйлықтар беру көзделіп отыр», - деп түсіндірді министр.
Ол мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 2025 жылға дейін кемінде 1000 мектеп салу жоспарланғанын атап өтті. «Жас талап» жобасы шеңберінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен толық қамтуды қамтамасыз ету жоспарлануда.
Төртінші бағыт бойынша 22 іс-шараны іске асыру көзделген.
«Агломерацияларды дамыту туралы» заң әзірленетін болады. Бекітілген Жалпыұлттық басымдықтарға сәйкес өңірлерді дамыту жоспарларын өзектендіру көзделеді. Стратегиялық инвесторлармен бірлесіп кемінде 2400 МВт жаңартылатын энергетика қуаты іске қосылады. Орта мерзімді перспективада газдандыруды жүргізу және неғұрлым ластанған 10 қаланы баламалы энергия көздеріне көшіру жоспарлануда. Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде барлық қалалар мен ауылдар таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі», - деді Ерғалиев.
Ресурстарды ұқыпты пайдалану үшін 120 канал қайта жаңартылып, 9 жаңа су қоймасы салынады.
Бесінші бағыт бойынша 6 іс-шара жоспарланған. «Кәсіптік біліктілік туралы» заң және жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын реттеу тетігі әзірленетін болады. Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы дайындалады. Елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударатын азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тетігін қайта форматтау көзделеді.
Алтыншы бағыт бойынша 13 іс-шараны іске асыру көзделген.
«Ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тетігі әзірленетін болады», - деп нақтылады ведомство басшысы.
Депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квотаны міндетті есепке алу туралы нормалар заңнамалық тұрғыдан бекітіледі, сондай-ақ квоталанатын азаматтар санатының тізбесі кеңейтіледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күрес үшін орта мерзімді кезеңге арналған тиісті стратегиялық құжат бекітіледі. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізіледі. Алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша шаралар кешенін әзірлеу жоспарлануда.
Жетінші бағыт бойынша 5 іс-шара жүзеге асырылады.
«Жаңа мәдениеттің талантты өкілдерін ілгерілетуге бағытталған практикалық шаралар жоспарын әзірлеу жоспарлануда. Креативті индустрияны қолдау қорын құру мүмкіндігі қаралатын болады. «Ұлттық Рухани Жаңғыру» ұлттық жобасы аясында патриотизм, білімге ұмтылу және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді дәріптеу бойынша шаралар әзірлеу көзделіп отыр», - деді министр.
Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 5 бастамасын іске асыру үшін мынадай іс-шаралар іске асырылатын болады.
Біріншіден, ең төменгі жалақы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Екіншіден, бизнесті өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға ынталандыру шаралары әзірленеді. Үшіншіден, ЕТҚ жүктемесін 2023 жылдан бастап 34%-дан 25%-ға дейін төмендетуді көздейтін микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу жоспарлануда. Төртіншіден, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын жыл сайын 2022 жылдан 2025 жылға дейін 20%-ға ұлғайту көзделіп отыр. Бесіншіден, тұрғын үй сатып алу үшін «Отбасы банкінің» шотына ең аз жеткіліктілік шегінен жоғары зейнетақы аударымдарының бір бөлігін аудару мүмкіндігі берілетін болады.
Жалпы, Үкімет Жалпыұлттық жоспарды бекітті. Енді құжат Қазақстан Президентіне бекітуге жөнелтілді.