Түркістан облысында 80 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылмаған – депутаттық сауал
Бүгін Мәжіліс депутаттары демалысынан оралып, пленарлық отырысы өтті
Түркістан облысында Сарыағаш және Келес аудандарында 19 елдімекеннің 80 мыңға жуық тұрғыны газсыз тіршілік етуде. Басты себебі – газ құбырларының «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тарапынан эксплуатацияға алынбауы. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан вице-премьер Роман Склярдың атына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Айқын мысалдардың бірі - Түркістан облысының Сарығаш және Келес аудандары. Сарыағаш ауданының 13 елдімекені және Келес ауданының 6 елдімекені, жалпы алғанда 80 мыңға жуық халық газбен қамтылмаған. Алайда, аталған елдімекендерде ішкі газ жүйелерінің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар, Таскескен ауылындағы АГТС-тың құрылысы 2013 жылы аяқталып, бірақ пайдалануға 2021 жылдың 5 тамызында берілді. Өз кезегінде, Сарыағаш ауданының әкімшілігі ағымдағы жылғы 11 тамызда Facebook парақшасына символды түрде газ алауы жағылып, Бағыс және Тегісшіл ауылдарының тұрғын үйлері, сонымен бірге, Сарыағаш ауданының 38 елдімекені, Келес ауданының 39 елдімекені газдандырылды деп жариялады. Алайда, жоғарыда жазылғандай «символды түрде газ алауы жағылды». Иә, бәрі расында да символды түрде өтті, себебі аталған елдімекендер газға қосылмаған. Ағымдағы жылдың 19-27 тамыз аралығында өңірлерге сапар аясында аталған елдімекен тұрғындарымен кездесіп, осы жағдайларға көз жеткіздік», - деді депутат.
Депутат мұндай жағдай еліміздің басқа да өңірлерінде барын айтты.
«Елбасының қолдауымен 2013 жылы «Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталып, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарын табиғи газқа қосу мүмкіндігі пайда болды. Дегенмен, бітіп тұрған газ құбырларын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ эксплуатацияға алмай отыр. Себебі - тапсырыс беруші ретіндегі әкімшіліктердің және эксплуатациялаушы мекеме болып табылатын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ арасындағы әрекеттердің келісілмеуі және әрекеттердегі тұжырымдамалық шешімдердің болмауы. Нәтижесінде тапсырыс беруші қабылдаған нысандар пайдалануға берілмейді, сол арқылы газ құбыры түріндегі мемлекет қаражаты ондаған жылға айналымсыз қалады», - деп, депутат мәселенің себебін айтты.
Осылайша, еліміздің инфрақұрылым нысандарының құрылысына және қайта жандандыру жұмыстарына бюджеттен бөлінген мемлекет қаражаты атқару органдары тарапынан мардымсыз игеріліп отыр.
Қазір эксплуатациялаушы мекемелердің теңгеріміне берілмеген нысандардың жалпы саны 1227 құрайды.