$ 522.42  543.89  5.28
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.09.2021, 16:42
Үкімет

Шектеу шаралары көзбояушылыққа, індетпен күрестің бейшара көрінісіне, коррупцияға айналды – Мәжіліс депутаты

Берік Дүйсенбинов Үкіметке шектеуден реттеуге көшуді ұсынды

Шектеу шаралары көзбояушылыққа, індетпен күрестің бейшара көрінісіне, коррупцияға айналды – Мәжіліс депутаты
Фото: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов бүгін Мәжіліс қабырғасында пандемия кезінде шыдамы да, қорлары да таусылған кәсіпкерлер жөнінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.  

Ол «Ақ жол» фракциясының депутаттары атынан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Лұқпановтың атына жолданған депутаттық сауалды таныстырды.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары өңірлерде кәсіпкерлермен кездесу барысында бірқатар мәселелерді талқылаған болатын. Солардың ішінде рестораторлармен карантиндік шектеулерге қатысты мәселе қызу пікірталас туғызды... Кәсіпкерлердің жинаған қорлары да, шыдамдары да таусылуда. Күнделікті тұрмыс-тіршілік шығындарымен қоса, шектеулерге байланысты жұмыссыз бос тұрған ғимараттардың коммуналдық төлемдері, оны қарап, күзетуге кететін төлемдер кәсіпкерлерге жығылғанның үстіне жұдырық болып отыр. Соңғы екі жыл бойы бұл жағдайдың өзгеретін түрі жоқ.

Өкінішке қарай, вирус өміріміздің тұрақты факторына айналуда. Ал өмір жалғасуда: жастар отбасын құрады, адамдар туады және қайтыс болады. Біздің халқымыз қызығын да, қайғысын да жақынымен бірге бөліскен еді. Ал бүгінде азаматтарымыз кең ғимараттарда сақтық шараларын сақтай отырып өткізетін отбасылық шараларды антисанитарлық тар жерлерде тығылып өткізуге мәжбүр болуда», - дейді депутат.

Оның айтуынша, отбасылық шараларды өткізуге рұқсат бермеу, шын мәнінде, індеттің таралуын тоқтатуға еш әсер етіп отырған жоқ.

«Шектеу шаралары көзбояушылыққа, індетпен күрестің бейшара көрінісіне, коррупцияға айналды. Ресми түрде шектеу болғанымен, іс жүзінде жанұялық шаралар мен той-жиындар пәтерлерде, жеке үйлер мен көзден таса кафелерде өтіп жатыр. Оның үстіне, өңірлерде шенеуніктерге жақындығы бар немесе «қажет жерде» құнын төлеген мейрамханалар тәулік бойы ешқандай шектеусіз, қонақтар санына қарамай жұмыс істейтіндігі де ешқандай құпия емес», - дейді ол.

Бұл айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» фракциясының депутаттары шектеудің нәтижесінде қаңырап бос тұрған ресторандарды одан әрі пайдалану, оларды жаңа мақсатқа бейімдеуге яғни, мектептер, ауруханалар, спорт мекемелеріне айналдырып, қайта жабдықтауға көмектесуді сұрады. Сонымен қатар, шектеуден реттеуге көшіп, бизнес объектілерін қайта жандандыруды және рестораторлардың карантиндік талаптарды орындау мақсатында әзірлеген ұсыныстар пакетін қарастыруды ұсынды.

Серіктес жаңалықтары