Президент Жолдауында реформалардың егжей-тегжейлі жоспары ұсынылған – Нығматулин
Бүгін демалыстан оралған депутаттар Мәжілістің жалпы отырысын бастады
Мәжіліс Қазақстан Президентінің Жолдауында белгіленген елді жүйелі жаңғырту үшін берік заңнамалық база жасайды. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Спикер депутаттық корпустың назарын Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтарға аударды.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында елімізге, ең алдымен, пандемиядан кейінгі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған одан арғы реформалардың ауқымды, нақты жоспарын ұсынды. Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін, білім беру сапасын арттыру, өңірлік саясатты жетілдіру үшін үлкен міндеттер қойылған», - деді Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы сондай-ақ, бюджет-қаржы жүйесін жақсарту, елді саяси жаңғыртуды жалғастыру сияқты міндеттерге назар аударды.
«Осы тапсырмалардың барлығы Парламенттің алдағы кезеңдегі заң шығару жұмысы үшін де нақты бағыт-бағдар беріп отыр. Біз, Мәжіліс депутаттары, Қазақстан Президентінің Жолдауында белгіленген елді жүйелі жаңғырту үшін мықты заңнамалық базаны сапалы және жедел құруымыз қажет», - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, Мәжіліс Спикері депутаттар жұмыс істейтін заң жобалары туралы айта келіп, қазір палатада қаралып жатқан өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасын атап өтті.
Нұрлан Нығматулин агломерацияны дамыту және кәсіби біліктілік туралы заң жобаларына да назар аударды.
«Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін арттыра отырып, блоктық бюджетті енгізу бойынша бюджет заңнамасына түзетулерді қабылдау қажет. Бұл туралы депутаттар бірнеше рет осы залда айтқан болатын», - деді Мәжіліс Төрағасы.
Мәжілісмендердің алдында әлеуметтік Кодекс жобасымен де жұмыс істеу міндеті тұр.
«Осы және басқа да заң жобалары бойынша барлық жұмысты біз, әдеттегідей, ашық және транспарентті түрде, тығыз өзара іс-қимылда және азаматтық қоғам өкілдерінің де, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де белсенді қатысуымен жүргізетін боламыз. Біздің алдымызда үлкен, маңызды міндеттер тұр, сондықтан біз олармен жедел түрде айналысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіміз керек», - деп атап өтті Нұрлан Нығматулин.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ветеринария, АӨК, цифрландыру, экологияны жақсарту, қауіпсіз атом энергетикасын дамыту үшін ауқымды міндеттер қойды.