Зейнетақы қорындағы ақшаға пәтер алу мүмкіндігі бір-екі күнде белгілі болады
Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев зейнет жасына жетпей қордағы ақшаны алдын ала алуға қатысты пікір білдірді
Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев зейнетақы мәселелеріне қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді. Вице-премьердің айтуынша, бүгінде зейнетақы қорындағы қаржы көлемі 10 триллион теңге. Салымшылардың саны - 9 миллион 600 мың адам. Орташа есеппен 1 салымшыға 1 миллион теңгеден келеді. Ал, зейнетке шыққан соң дұрыс өмір сүру үшін есепшотта 10-11 миллион теңге болу керек екен.
«Біздің есебіміз бойынша, орташа есеппен зейнетке шыққанда жақсы өмір сүру үшін есепшотында ең кем дегенде 11-12 миллион теңге болуы керек. Оның бәрін есептедік. Барлығына, әрбір қазақстандыққа есеп бар. Жаңа айтып өткен 9 миллион адамның әрқайсының қандай жинағы бар және кейін зейнетке шыққанда қанша ақша керек - оның есебі бізде бар», - деді бұл туралы премьер-министрдің орынбасары.
Б.Сапарбаевтың айтуынша, зейнетақы жинағы 10-11 млн теңгеге жеткен қазақстандықтар мерзімінен зейнетке шыға алады. Мұны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов те толықтырып өтті.
«Зейнет жасына жетпей де зейнетке шыға алады. Зейнетақы аннуитеті деген бар. Ер адамдар 55-те, әйелдер 51 жасында зейнетке шықса болады. Бірақ оған дейін ер адамның активінде шамамен 10 млн теңге, әйелдерде 12 млн теңге жинақ болу керек. Міне, осы сома жиналса, адам өмірінің соңына дейін минималды зейтақы мөлшерінен кем емес ақшаны алып отыра алады», - деп түсіндірді министр.
Журналистер Бердібек Сапарбаевтан зейнетақы қорындағы ақшаны үй алуға қалай жұмсауға болатыны туралы сұрады. Үкімет жанынан бұл үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Бір-екі күнде олар әзірлеген ұсынысын Президент қарауына жібереді.
«Президент шешім қабылдайды. Бірақ зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану жиналған қаржы сомасына тікелей байланысты болады. Бекітілген норма бар. Өмір сүру ұзақтығына да қараймыз. Қазақстанда орта жас - 75. Біз адам зейнетке шыққан соң қанша өмір сүретінін шамамен есептедік. Салымшы қанша жыл ақша жинауы керектігін де қараймыз. Осыдан кейін зейнетақы қорындағы ақшаны үй алуға, білім алуға, емделуге қалай жұмсауға болатыны анықталады», - деді вице-премьер.
Вице-министрдің сөзінен аңғарғанымыз, ел азаматтары зейнетақы жинағындағы қаржысын пәтер алу, білім алу мақсатында пайдалану үшін активінде 10-11 млн теңге көлемінде жинақ болу керек.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын 250 млрд теңге алып кеткен
Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында Үкімет пен Ұлттық банкке жыл соңына дейін азаматтарға зейнетақы жинағын пайдалануға рұқсат беру мәселесін пысықтауды.
«Үкімет пен ұлттық банк зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруы қажет. Бүгінде жұмыс істеп жүрген адам зейнетақы жинақтарын ертерек пайдалана алмайды. Оны заң бойынша тек зейнетке шыққан кезде ғана алуға рұқсат. Бірақ ол ақшаның зейнетке дейін пайдаланамын дейтін адамды да түсіну керек. Сондықтан Үкімет жылдың соңына дейін жұмыс істейтін адамдардың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтап, ұсыныстар енгізсін»,- деді Қ. Тоқаев.
Ақпарат үшін: Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері – 85697 теңге. Базалық зейнетақы – 26978 теңге, ортақ зейнетақы 58719 теңге.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан