Bek Air апаты: қаза тапқан ұшқыштың отбасына 4 млн теңге төленеді
2019 жылы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатқа ұшырады

Алматыда Bek Air ұшағының апатынан кейін қаза болған ұшқыш Миржан Молдақұловтың отбасына төрт миллион теңге беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әзірлеген үкімет қаулысының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
«2019 жылы 27 желтоқсанда Алматы облысының Талғар ауданында болған әуе апатынан қаза тапқан ұшқыш Миржан Молдақұловтың жұбайына қаржылай көмек көрсетуге үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резервінен 4 миллион теңге сомасында қаражат бөлінсін», - делінген құжатта.
Айта кетсек, екінші ұшқыш Мейіржан Молдақұлов ұшақ апатынан соң №4 қалалық ауруханада жиырма екі күн жатып емделген болатын. Дәрігерлер 55 жастағы ұшқыштың бел омыртқасына ауыр операция жасаған. Бір апта жансақтау бөлімінде жатқан ұшқыш 5 қаңтар күні есін жинаған еді. Алайда, 21 қаңтарда ауруханадан үйіне шыққан науқас арада бір апта өткен соң көз жұмды.
Айта кетейік, 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатқа ұшырады. Қайғылы жағдайдан 12 адам қаза болып, 49 адам ауруханаға жеткізілді. Ал әуе компаниясының қызметі тоқтатылып, лицензиясы кері қайтарылды.