ШұғылCOVID-19: өткен тәулікте 1266 адамнан коронавирус анықталды

Біртанов «прогрестен қорқатындарды» кездесуге шақырды

Денсаулық сақтау министрі Ержан Біртанов Парламент қарауында жатқан «Халық денсаулығы туралы» кодекске қатысты сұрағы бар белсенділер мен БАҚ өкілдерін кездесуге шақырды

Фото: almaty.tv

Министр ашық талқылауды дүйсенбі, 23 желтоқсанға белгілеген. Кездесу орны мен уақыты өзгерсе, ол facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына жазатынын ескертті.

«Бүгін маған WhatsApp мессенджері арқылы бірнеше хабарлама келді. Бенсенді азаматтар «Халық денсаулығы» туралы кодекстің жаңа нұсқасын Парламенттен кері қайтарып алу туралы петицияға қол қоюға шақырыпты. Яғни, олар биыл күзден бері атқарылған қыруар шаруаны жоққа шығарғысы келеді. Меніңше, мұның астарында прогрестен қорқу немесе дәрігерлер мен пациенттерге берілетін мүмкіндіктердің мәнін жете түсінбеу сынды үлкен мәселе жатыр», - дейді бүгінгі жазбасында министр.

Денсаулық сақтау министрі өзгерістен қорқатындар жайлы да айтты.

«Жалпы, біз өзгерістерден қорқамыз, үйренген сүрлеумен жүре бергіміз келеді. Бірақ денсаулық сақтау саласын дамытқымыз келсе өзгеріс жасамай болмайды. Кодекс бүгінгі қоғамның үздік денсаулық сақтау жүйесіне көшуге деген сұранысына толық жауап береді», - дейді.

Айта кетейік, міндетті вакцинация, донорлыққа рұқсат ету, балалар денсаулығына қатысты жаңа өзгерістерді көздеп отырған кодексті Денсаулық сақтау министрлігі 2019 жылдың қазанында Мәжіліс қарауына енгізген. Әлеуметтік желіде осы аталған және өзге де мәселелер қызу талқыланып, бірнеше депутат вакцинацияға қарсылық танытқан.

«Мен де, Денсаулық сақтау министрлігі де Кодекске қатысты туындаған сауалдарға жауап беруге дайынбыз. Баршаңызды дүйсенбі, 23 желтоқсан күні сағат 11:00-де Астана медицина университетінде өтетін кездесуге шақырамын. Кездесу уақыты өзгеріп жатса, осы жерге жазамын. Келіңіздер, біз барлық сұрақтарға жауап беруге дайынбыз», - деп жазды министр.  

Біртанов «егер бұл кездесу аздық етсе, тұрақты түрде бірнеше кездесу ұйымдастыруға дайын» екенін де айтқан.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан