Атом электр стансасы салынбауы мүмкін – Әсет Мағауов
Бір жыл бойы талқыланып келе жатқан жаңа электр станциясы жобасы сөз жүзінде қалатын сияқты
Елімізде атом электр станциясы салынбауы мүмкін, деп хабарлайды КТК арнасы.
Бір жыл бойы талқыланып келе жатқан жаңа электр станциясы жобасы ақыры сөз жүзінде қалатын сияқты. Себебі, Энергетика министрлігі әлі күнге нақты шешімге келмегені былай тұрсын, оны салуға себеп те көріп тұрған жоқпыз деді.
Аталмыш мәселе жыл басында қызу талқыланған болатын. Ол үшін тіпті, Алматы облысының Үлкен аулынан жер телімін сайлап та қойған еді. Бірақ нақты шешім болмағандықтан, Энергетика министрлігі бұл мәселені кейінге шегере салған. Осыны ескерген президент Қасым-Жомарт Тоқаев та маусым айында мұндай құрылыстың жоспарда жоқ екенін ескертті. Министрлік өкілдерінің айтуынша, жалпы, ол құрылысты бастауға елде қажеттілік болу керек. Ал қазір электр қуатына тапшылық сезіліп отырған жоқ.
«Егер болашақта электр қуатының тапшылығы сезілсе, онда жаңадан электр стансасы салынуы мүмкін. Бірақ ол көмір стансасы бола ма, атом стансасы бола ма, әзірге нақты байлам жоқ. Тіпті, атом электр стансасы салынбауы да мүмкін. Ол туралы айту ерте», - деді ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.