ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 142 адамнан коронавирус анықталды

Жалақы бермейтін жұмыс берушілерге айыппұл салынады

Жұмысшыларына жалақы бермей жылататын жұмыс берушілердің енді есепшоттары бұғатталмақ

Жұмысшыларына жалақы бермей жылататын жұмыс берушілердің енді есепшоттары бұғатталмақ. Айлығын бермеген күннен бастап 0,25 пайыз мөлшерінде айыппұл да салынады. Еңбек кодексіндегі бұл түзетулер Жаңа жылдан бастап күшіне енуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталмыш шара елімізде жалақы төлемей, жұмысшыларды сенделтіп қойған бірнеше жағдайдан кейін қолға алынып отыр. Биылдың өзінде еңбек инспекторлары прокурорлармен бірлесіп, жұмыс берушілерден 5 миллиард теңгеден астам қарызды өндіріп алған. Алайда, еңбекақы мәселесі толықтай шешімін тапқан жоқ. Жалақысын ала алмай зар илеп жүргендердің қатары қазір 5 мыңнан асады. Ал жалпы берешек 1,5 миллиард теңгенің үстінде.

«Бүгінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгертулер енгізіліп жатыр. Бұл Кодекс жеке заң ретінде Парламенттің қарауында. Онда мемлекеттік еңбек инспекторының ұйғарымы сот орындаушысының құжатымен теңестіріледі. Бұл бізге жалақы бойынша берешекті басқа жолмен, мәселен, шотты бұғаттау, мүлікті тәркілеу арқылы алуға мүмкіндік береді», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
 

Дереккөз: КТК арнасы